Жаз мезгілінің қызған шағында Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы Куча қаласында орналасқан Цюцы көшесі келушілерге лық толы. Туристер ұлттық нақыштағы үйлердің жанында суретке түсіп, көне сәулет нысандарын аралап, Цюцының дәстүрлі музыкасы мен би өнерімен танысуда. Бұл туралы SteppeNews.kz «Жэньминь Жибао» басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Алайда осыдан үш жыл бұрын бұл аумақтың көрінісі мүлде өзгеше болған. Көшелер батпаққа айналып, үйлер тозып, тұрғындар бұл жерден жаппай көшіп кеткен еді.
Жағдай 2023 жылы Чжэцзян провинциясының Нинбо қаласы мен Шыңжаң арасындағы өңіраралық ынтымақтастық бағдарламасы аясында өзгерді. Сол кезде Цюцы көшесін кешенді жаңғырту жұмыстары басталып, тарихи келбетін сақтауға ерекше көңіл бөлінді.
Жоба аясында «Ескі үйлерді құтқару» бағдарламасы жүзеге асырылып, көптеген тарихи ғимараттар қалпына келтірілді. Соның арқасында Цин әулетінің соңғы кезеңіндегі көше жоспарлануы сақталып, туризм мен мәдениетке бағытталған жаңа кәсіп түрлері дами бастады.
Көшенің жаңаруы туристердің қызығушылығын арттырып қана қоймай, бұрын көшіп кеткен жергілікті тұрғындардың туған жеріне қайта оралуына да себеп болды. Қазір олардың бір бөлігі гид болып жұмыс істесе, енді бірі ұлттық бұйымдар сататын шағын дүкендер ашып, туған жерінде тұрақты табыс тауып отыр.
Қазіргі уақытта бұл ауданда 60 кәсіпорын жұмыс істейді. Жобаға 110 млн юань инвестиция тартылып, жергілікті тұрғындар үшін 360-тан астам жұмыс орны ашылған. Оның ішінде 22 жоғары оқу орнының түлегі жеке кәсібін бастаған.
2026 жылдың сәуір айындағы мәлімет бойынша, Цюцы көшесіне 4 миллион турист келген. Ал туризмнен түскен табыс 210 млн юаньға жеткен.
Хунань провинциясынан келген турист Ван Вэньцзяоның айтуынша, бұл жердің сәулеті ерекше әсер қалдырады.
«Мұндағы сәулет өнері өте ерекше, түрлі-түске бай. Мыңжылдық Цюцы мәдениетін жақыннан көруге мүмкіндік бар. Бұл сапарға шыққаныма еш өкінбеймін», – деді ол.
Бүгінде тарихи келбетін сақтап қалған әрі заманауи туристік инфрақұрылыммен толыққан Цюцы көшесі Шыңжаңдағы мәдениет пен туризмнің үйлесімді дамуының жарқын үлгісіне айналып отыр.
