Қайғылы оқиға 16 шілдеде Орал қаласындағы Жайық өзенінде, Ремзавод ауданындағы шомылуға арналмаған жағажайда болды. Суға батып бара жатқан адамды құтқаруға ұмтылған Алсу Ермағамбетова оқиға орнында қаза тапты деп хабарлайды SteppeNews.kz, Мой город басылымына сілтеме жасап.
Сол күні Алсу құрбысымен және екі танысымен бірге медициналық колледжге оқуға түскенін атап өту үшін өзен жағасына демалуға барған.
Марқұмның тәтесі Айгүл Хусаинованың айтуынша, Алсу Теректі ауданының Теректі ауылында әжесінің қолында тәрбиеленген. Ол мектепті «жақсы» және «өте жақсы» бағамен тәмамдап, спортпен белсенді айналысқан, түрлі жетістіктері үшін көптеген марапатқа ие болған.
– Олар өзен жағасында отырып, шырын ішіп, пицца жеген. Кейін Алсу мен құрбысы Милана тізеден келетін суға түсті, ал 16 жастағы жасөспірім әрі қарай жүзіп кеткен. Бір сәтте ол көмек сұрай бастады. Әуелде бәрі мұны әзіл деп ойлағанымен, оның шынымен батып бара жатқанын түсінген. Жүзуді білмейтін Алсу бірден суға ұмтылды. Жасөспірім жағаға шығып үлгерді, оған кейін жеткен ер адам да көмектесті. Алайда Алсуды аман алып қалу мүмкін болмады, – деді Айгүл Хусаинова.
Туыстарының айтуынша, құрбысы қыздың суға батып бара жатқан сәтінде тек жоғары көтерілген қолын ғана көрген. Оқиға орнына шамамен 40 минуттан кейін жеткен құтқарушылар бойжеткеннің денесін өзен ағысымен 40 метр төменнен тапқан. Жедел жәрдем қызметкерлері оның қайтыс болғанын тіркеді.
Алсумен қоштасу рәсімі 20 шілдеде өтті.
– Бұл Алсуды тәрбиелеп өсірген әжесі үшін орны толмас қайғы. Әжесі судан қорқатындықтан оны ешқашан суға жібермейтін. Алсу дәрігер болуды, әжесін емдеуді армандайтын. Біздің әулетте дәрігер жоқ еді, – деді марқұмның тәтесі.
