Астанада өтіп жатқан «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық мультиспорт турнирі аясында ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов бірқатар шет мемлекеттердің спорт саласына жауапты басшыларымен екіжақты кездесулер өткізді деп хабарлайды SteppeNews.kz, ҚР Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап.
Кездесулерге Ресей, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Беларусь, Түрікменстан және Біріккен Араб Әмірліктерінің спорт ведомстволарының өкілдері қатысты. Тараптар спорт, киберспорт және жастар саясаты бағыттарындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады.
Келіссөздер барысында спорт резервін даярлау, спортшыларды дайындаудың заманауи әдістерін енгізу, спорт инфрақұрылымын дамыту, тәжірибе алмасу және салалық ұйымдар арасындағы әріптестікті нығайтуға басымдық берілді. Сонымен қатар бірлескен жарыстар ұйымдастыру, жаңа спорт түрлерін дамыту және саланы цифрландыру бағыттары сөз болды.
Кездесу қорытындысында қатысушылар халықаралық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға және халықаралық спорттық іс-шараларды бірге өткізуге дайын екендерін жеткізді.
Айта кетейік, Астанада өтіп жатқан «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық мультиспорт турниріне әлемнің 30-дан астам елінен 800-ге жуық спортшы қатысып жатыр.
