Әлемге әйгілі әнші Энрике Иглесиастың Bailando хиті Қазақстанда алғаш рет домбырада орындалды. Алматылық жас музыкант Иван Жуков әлемдік танымал композицияны қазақтың ұлттық аспабында орындап, ерекше бейнебаян ұсынды.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Бейнебаян Алматы маңындағы «Көшпенділер қаласы» этно-кешенінде түсірілген. Ерекше кадрлар үшін музыкант түнгі уақытта жолға шығып, қазақ даласында арайлап атқан таң аясында өнер көрсетті. Видеода Иван ұлттық шапан киіп, кең дала төсінде домбырамен Bailando әнін орындайды. Осылайша әлемдік хит пен қазақтың ұлттық өнері бір туындыда тоғысты.

Музыканттың айтуынша, ол заманауи әндерді домбырада көптен бері орындап келеді.
«Мен заманануи әндерді домбырада көптен бері орындап келемін. Домбыраның мүмкіндігі өте кең. Ол тек халық әндеріне ғана емес, әлемдік хиттерге де ерекше реңк бере алады. Мен соны көрсеткім келеді», – дейді Иван Жуков.
Иван Жуков кәсіби музыкалық білімді гитара мамандығы бойынша алған. Кейін домбыраны меңгеріп, ішекті аспаптардағы тәжірибесінің арқасында қазақтың ұлттық аспабын еркін игерген.
Музыканттың сөзінше, Энрике Иглесиастың әндері оған бала кезінен таныс.
«Бала күнімде ата-анаммен көлікпен жиі жүретінбіз. Сол кезде радиодан Энрике Иглесиастың әндері үнемі шырқалатын. Жылдар өткен соң оның ең танымал әндерінің бірін домбырада орындаймын деп ешқашан ойламадым. Сондықтан бұл шығарма мен үшін жай ғана кавер емес, бала күнгі естеліктермен байланысты ерекше туынды», – дейді ол.

Айта кетейік, Bailando әні 2014 жылы жарық көріп, Энрике Иглесиастың ең табысты халықаралық хиттерінің біріне айналды. Ән бірнеше тілде жарыққа шығып, Billboard Hot Latin Songs чартында 40 аптадан астам уақыт көш бастады.
Сонымен қатар биыл күзде Энрике Иглесиас Қазақстанда екі концерт өткізеді. Әлемдік жұлдыз 3 қыркүйекте Астанадағы Astana Arena-да, ал 5 қыркүйекте Алматыдағы Орталық стадионда өнер көрсетеді.
