Алматы облысындағы заңды ойын бизнесі субъектілері 2026 жылдың алғашқы алты айында мемлекеттік бюджетке 25 млрд теңге салық аударды, деп хабарлайды SteppeNews.kz Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оның 10,6 млрд теңгесі өңірлік бюджетке түсті.
Жалпы, соңғы екі жарым жылда ойын бизнесі мемлекеттік бюджетке 184,7 млрд теңге салық төлесе, оның 53,8 млрд теңгесі Алматы облысының бюджетіне бағытталған.
Қазіргі уақытта Қонаев қаласында 21 ойын бизнесі нысаны жұмыс істейді. Оның ішінде 5 казино, 13 букмекерлік кеңсе және 3 ойын автоматтары залы бар. Бұл салада шамамен 2,5 мың адам еңбек етеді.
Облыстық Туризм басқармасының мәліметінше, казино келушілерінің шамамен 20 пайызын шетел азаматтары құрайды. Олар қонақүйлерге орналасып, қоғамдық тамақтану орындарына барып, көлік және сауда қызметтерін пайдалану арқылы өңірдегі шағын және орта бизнестің дамуына үлес қосып келеді.
Сонымен қатар «Ойын бизнесі туралы» заң аясында Талғар ауданында тек шетел азаматтарына арналған жаңа ойын аймағын құру жоспарланып отыр. Бұл бастама Қоғамдық кеңесте қаралып, оң қорытынды алған.
Жобаны Талғар ауданында іске асыру туралы шешім өңірдің туристік әлеуетімен байланысты. Аудан Алматы қаласы мен халықаралық әуежайға жақын орналасқан және тау, сауықтыру мен рекреациялық туризм инфрақұрылымы жақсы дамыған.
Мамандардың айтуынша, жаңа ойын аймағы қонақүй бизнесі, қоғамдық тамақтану, көлік, сауда және қызмет көрсету салаларының дамуына серпін беріп, жаңа жұмыс орындарын ашуға, инвестиция тартуға және бюджет кірісін арттыруға мүмкіндік береді.
