Алматыда IV халықаралық Almaty Circus Festival өз мәресіне жетті. Қазақ мемлекеттік циркінің манежінде өткен айтулы мәдени шара әлемнің түкпір-түкпірінен келген үздік цирк әртістерін, акробаттарды, гимнастарды және жонглерлерді бір сахнаға жинады. Бірнеше күн бойы көрермендер ерекше қойылымдар, күрделі трюктер мен премьералық нөмірлерді тамашалап, заманауи цирк өнерінің жоғары деңгейіне куә болды. Бұл туралы SteppeNews.kz Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Соңғы жылдары Almaty Circus Festival халықаралық деңгейдегі беделді мәдени алаңдардың біріне айналды. Фестивальге тәжірибелі цирк шеберлерімен қатар жас таланттар, әлемдік цирк компанияларының басшылары, продюсерлер мен халықаралық фестиваль ұйымдастырушылары қатысып келеді. Шара әртістерге жаңа шығармашылық байланыстар орнатуға және халықаралық жобаларға жол ашуға мүмкіндік береді.
Байқау бағдарламасына халықаралық қазылар алқасы төрелік етті. Оның құрамына түрлі елдердің танымал цирк қайраткерлері мен жетекші продюсерлік орталықтардың өкілдері енді.

Фестивальдің ең жоғары марапаты – Гран-при Қытайдың Hebei Wuqiao Acrobatic Arts School өнерпаздары Чжан Хао мен Ли Тянь Мэнге табысталды. Олар орындаған Double Wire Act («Еркін сым – тартылған арқан») нөмірі техникалық күрделілігімен, мінсіз орындалуымен және көркемдік шеберлігімен ерекшеленіп, қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды.
Алтын медальдар мына қатысушыларға бұйырды:
- Франциядан Турбелин Матео Антуан мен Савари Элияның Venus атты жұптық диаболо нөмірі;
- Моңғолияның Selenge труппасы;
- Беларусь мемлекеттік циркінің әуе гимнастары Егор мен Анастасия Коваленко Legend қойылымымен.
Күміс жүлдені:
- Венгрияның Kriko дуэті (Зои Криванек пен Бенце Коллар);
- Ресейлік әртіс Ольга Рожковская («Әуе арқаны» нөмірі);
- Швейцарияның Janine & Fabien дуэті (әуе адажиосы) иеленді.
Қола медальмен:
- Өзбекстанның Sky Angels Infinity Aliyeva ұжымы;
- Украина мен Армения атынан өнер көрсеткен жонглер Давид Емишян;
- Қазақстан намысын қорғаған Шымкент циркінің «Аспан арулары» әуе гимнастары марапатталды.

Фестиваль барысында қазылар алқасының арнайы сыйлықтары да табысталды. Бұл марапаттар әртістер үшін халықаралық цирк ареналарына шығуға, әлемдік фестивальдерге қатысуға және жаңа шығармашылық келісімшарттар жасауға мүмкіндік береді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, IV Almaty Circus Festival тағы бір мәрте цирк өнерінің тілге тәуелсіз, барлық көрерменге түсінікті өнер екенін дәлелдеді. Әлемнің әр түкпірінен келген әртістер өз шеберлігімен көрерменге ерекше әсер сыйлап, Қазақстандағы цирк өнерінің халықаралық беделін арттыруға үлес қосты.
Айта кетейік, IV халықаралық Almaty Circus Festival аясындағы мерекелік гала-шоу 23 тамызға дейін жалғасады. Алматы тұрғындары мен қала қонақтары Қазақ мемлекеттік циркінің манежінде фестивальдің ең үздік қойылымдарын тамашалай алады.
