Алматы халықаралық әуежайы ішкі рейстер терминалын кезең-кезеңімен жаңартуды жалғастыруда. Жоба аясында тіркеу және ұшып шығу аймақтары жаңартылып, жаңа автоматтандырылған жүйелер енгізілуде, деп хабарлайды SteppeNews.kz Алматы халықаралық әуежайына сілтеме жасап.
Жаңарту жұмыстары әуежайдың 2050 жылға дейінгі ұзақ мерзімді мастер-жоспары аясындағы Horizon жобасының бірінші кезеңі шеңберінде жүзеге асырылып жатыр. Жобаның негізгі мақсаты – халықаралық сапа, қауіпсіздік және операциялық тиімділік стандарттарына сай заманауи әуежай инфрақұрылымын қалыптастыру.
Қазіргі кезеңде жолаушыларды тіркеу аймағын жаңарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бүгінде 10 тіркеу орны толық жаңартылса, тағы 13 тіркеу орны қайта жаңартылып жатыр. Жаңартылған тіркеу аймағының жалпы аумағы 1 700 шаршы метрді құрайды.
Жаңа кеңістік Қазақстанның мәдени ерекшеліктерінен шабыт алған заманауи сәулеттік стильде безендірілген. Бұл шешім жолаушыларға тіркеу рәсімінен жайлы әрі ыңғайлы өтуге мүмкіндік береді.
Ұшу алдындағы рәсімдерді жеделдету мақсатында жолаушылар мен отырғызу құжаттарын тексеруге арналған бес автоматтандырылған TDAS жүйесі орнатылды. Бұл технология қауіпсіз цифрлық тексеруді қамтамасыз етіп, қызмет көрсету уақытын қысқартуға және әуежайдың өткізу қабілетін арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар ұшып шығу аймағы да жаңартылып жатыр. Мұнда 150-ден астам жаңа жолаушылар орындығы орнатылып, көптілді навигация жүйесі енгізілді. Сондай-ақ цифрлық ақпараттық таблолар (FIDS) жаңартылды.
Қазіргі уақытта жобада 200-ден астам маман жұмыс істеп жатыр. Құрылыс-монтаж жұмыстары жолаушыларға қызмет көрсетуді тоқтатпай жүргізілуде.
Алматы халықаралық әуежайының мәліметінше, ішкі рейстер терминалын жаңғырту жолаушыларға қолайлы, технологиялық және қауіпсіз әуежай инфрақұрылымын қалыптастыруға бағытталған ұзақ мерзімді даму стратегиясының бір бөлігі саналады.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
