Қытайлық компаниялар Қазақстандағы инвестициялық белсенділігін арттырып, пайдалы қазбалар өндірісі, жылжымайтын мүлік, ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп салаларындағы жобаларын кеңейтуде. Қазақстандағы Қытай кәсіпкерлері палатасының төрағасы Цзян Сяофу бұл туралы SteppeNews.kz сайтына берген сұхбатында айтып берді.
Соңғы жылдары Қазақстан Қытай бизнесі үшін Орталық Азиядағы негізгі бағыттардың біріне айналды. Қазақстандағы Қытай кәсіпкерлері палатасының төрағасы Цзян Сяофудың айтуынша, бүгінде қытайлық компаниялар пайдалы қазбалар өндіру саласында, сондай-ақ тау-кен өнеркәсібіне қызмет көрсететін бағыттарда белсенді жұмыс істеп келеді. Сонымен қатар инвесторлардың жылжымайтын мүлік нарығына деген қызығушылығы да артып отыр.
Оның айтуынша, алдағы жылдары бұл үрдіс одан әрі күшейе түседі.
«Қазақстанға қытайлық инвесторлар көптеп келеді деп күтілуде. Сонымен бірге Қытай өнімдерінің Қазақстанға экспорты да айтарлықтай артады. Ынтымақтастықтың келешегі кеңейіп, Қазақстан экономикасының дамуы жеделдей түседі», – деді Цзян Сяофу.
Логистика мен кеден рәсімдерін жетілдіру маңызды
Сарапшының пікірінше, Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда айналымын арттыруда көлік-логистика инфрақұрылымы шешуші рөл атқарады. Соңғы жылдары оң өзгерістер байқалғанымен, шекарадан өту кезінде кедендік рәсімдердің кешігуі әлі де өзекті мәселе болып отыр.
Цзян Сяофу екі елдің кеден органдары рәсімдерді жеделдетіп, жүк өткізу уақытын қысқартуға мүмкіндік беретін қосымша тетіктерді енгізуі қажет екенін айтты.
«Қазір жағдай біртіндеп жақсарып келеді. Дегенмен белгілі бір кезеңдерде екі тараптың кедендік рәсімдеуінде кідірістер сақталады. Сондықтан шекарадан өту рәсімдерін жеделдетіп, кедендік ресімдеу жылдамдығын арттыратын қосымша шаралар қабылданады деп үміттенемін», – деді ол.
Инвесторлар қандай өзгерістер күтеді?
Қытайлық кәсіпкерлер Қазақстандағы инвестициялық ахуалдың одан әрі жақсара түсуіне мүдделі.
Олардың қатарында:
- салықтық ынталандыру шараларын кеңейту;
- шетелдік мамандарға жұмыс визасын рәсімдеуді жеңілдету;
- республикалық және өңірлік деңгейде инвестициялық жобаларды іске асыруға қолайлы жағдай жасау мәселелері бар.
Цзян Сяофудың айтуынша, бүгінде екі ел арасындағы ынтымақтастық жаңа кезеңге өтті. Егер бұрын Қазақстанға негізінен қытайлық компаниялар келсе, қазір қазақстандық кәсіпорындар да Қытай нарығына шығуға қызығушылық танытып отыр.
«Қазақстандағы Қытай кәсіпкерлері палатасы екі елдің кәсіпкерлері арасындағы көпір қызметін атқарады», – деді ол.
Қазақстанның инвестициялық әлеуеті артып келеді
Палата төрағасының сөзінше, Қазақстанның заңнамасы заман талабына сай жетілдіріліп, инвестициялық климат шетелдік бизнес үшін тартымды бола түсуде. Сонымен қатар Қазақстанда өндірілген өнімдерді Орталық Азия, Ресей және Еуропа нарығына экспорттауға мүмкіндік бар.
Соған қарамастан, көптеген қытайлық инвесторлар Қазақстанның заңнамасы мен қаржы жүйесін толық біле бермейді. Осыған байланысты Қытай кәсіпкерлері палатасы компанияларға кеңес беріп, ұйымдық қолдау көрсетеді.
Ынтымақтастықтың жаңа бағыттары
Цзян Сяофу Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықтың ең перспективалы бағыттары ретінде бірнеше саланы атады.
Олардың қатарында:
- тау-кен өнеркәсібі және заманауи технологиялар;
- жылжымайтын мүлік нарығы;
- ауыл шаруашылығы;
- Қазақстан аумағында өнеркәсіптік жабдықтар өндірісін жолға қою.
Оның пікірінше, Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешені қытайлық технологиялар мен инвестицияларды тартуға үлкен мүмкіндік береді. Бұл әсіресе өсімдік шаруашылығы мен ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласына қатысты.
Өнеркәсіптік кооперацияға басымдық берілуде
Цзян Сяофудың бағалауынша, Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық байланыс дәстүрлі саудадан өнеркәсіптік және инвестициялық кооперацияның жаңа кезеңіне көшіп келеді.
Егер бұрын негізгі назар көлік дәліздері мен инфрақұрылымдық жобаларға аударылса, қазір өндірісті Қазақстан аумағында орналастыруға қызығушылық артып отыр.
Әсіресе өнеркәсіптік жабдықтарды жергілікті жерде өндіру мен агроөнеркәсіп кешенін дамыту технология трансферіне, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, бюджет кірістерінің өсуіне және Қазақстанның экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар бизнес өкілдері әкімшілік кедергілерді азайту қажеттігін атап өтті. Кедендік рәсімдерді жеделдету, салық саясатын жетілдіру және визалық режимді жеңілдету елдің инвестициялық тартымдылығын одан әрі күшейте алады.
Қазіргі таңда Қазақстан Қытайдың Орталық Азиядағы негізгі серіктестерінің бірі саналады. Цзян Сяофудың пікірінше, қытайлық бизнестің қызығушылығы енді тек сауда мен инфрақұрылымдық жобалармен шектелмейді. Басым бағыттардың қатарында өнеркәсіптік өндіріс, тау-кен саласы, ауыл шаруашылығы, жылжымайтын мүлік және заманауи технологияларды енгізу бар.
Инвестициялық ахуалды жақсарту және әкімшілік кедергілерді азайту бағыты сақталса, Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық ынтымақтастық жаңа деңгейге көтеріліп, өзара сауда көлемінің, тікелей шетелдік инвестициялардың артуына және Қазақстанның Еуразиядағы маңызды экономикалық әрі логистикалық орталық ретіндегі рөлінің күшеюіне ықпал етуі мүмкін.
