Астанада өтетін халықаралық «Болашақ ойындары – 2026» аясында әлемнің жетекші Dota 2 командалары 1 миллион АҚШ доллары көлеміндегі жүлде қоры үшін бақ сынайды. Турнир 2026 жылғы 29 шілде мен 9 тамыз аралығында ұйымдастырылады деп хабарлайды SteppeNews.kz, ҚР Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап.
Жарысқа Қытай, Қазақстан, Оңтүстік-Шығыс Азия, Оңтүстік Америка, Шығыс Еуропа және басқа да өңірлерден келген 16 команда қатысады. Олардың қатарында әлем чемпиондары, The International турнирінің финалистері және халықаралық деңгейде танылған тәжірибелі киберспортшылар бар.
Dota 2 – компьютерге арналған MOBA жанрындағы командалық стратегиялық ойын. Әр матчта бес ойыншыдан құралған екі команда қарсыластың негізгі базасын жоюға және өз базасын қорғауға тырысады. Ойын жоғары деңгейдегі стратегияны, үйлесімді командалық жұмысты және жедел шешім қабылдауды талап етеді.
Қазақстан намысын турнирде еліміздің жетекші командаларының бірі Rune Eaters қорғайды. Команда сапында Даниял Әлібай (xsvampire), Әбдімәлік Сайлау (Malik), Әлім Беспаев (aik), Айбек Тоқаев (naive-) және Никита Остахов (Nicky`Cool) өнер көрсетеді. Қазақстандық ұжым өз алаңында әлемнің үздік командаларына қарсы ойнайды.
Турнирдің топтық кезеңінде 16 команда төрт топқа бөлінеді. Кездесулер best-of-three форматында өтеді, яғни келесі кезеңге шығу үшін команда екі ойында жеңіске жетуі қажет.
Плей-офф кезеңі тікелей іріктеу жүйесі бойынша ұйымдастырылады. Ал гранд-финалда чемпион үш жеңіске дейінгі серия нәтижесінде анықталады.
Dota 2 турнирі 2–5 тамыз аралығында Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өтеді.
