2026 жылдың қаңтар-маусым айлары аралығында Алматы кітапханаларына 700 мыңнан астам келуші тіркелді, деп хабарлайды SteppeNews.kz Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл көрсеткіш қала тұрғындарының кітап оқуға және мәдени-ағартушылық іс-шараларға деген қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетеді.
Қалалық Мәдениет басқармасының мәліметінше, бүгінде Алматының орталықтандырылған кітапхана жүйесіне 30 филиал кіреді. Кітапхана қорында 1,37 миллионнан астам кітап пен басқа да басылымдар сақталған. Ал тұрақты оқырмандар саны 341 мыңнан асады.

Биыл қала кітапханаларының мобильді қосымшасы іске қосылды. Жаңа цифрлық сервис арқылы пайдаланушылар электрондық оқырман билетін рәсімдеп, кітаптардың электрондық каталогын пайдалана алады. Сонымен қатар кітаптарды жеткізу қызметіне тапсырыс беру мүмкіндігі қарастырылған. Ерекше қажеттілігі бар азаматтарға бұл қызмет тегін ұсынылады.
Қалада кітапхана қызметтерін цифрландыру жұмыстары да кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Бүгінгі күні кітапхана қорындағы 39 мыңға жуық материал цифрлық форматқа көшірілген.
Мамандардың айтуынша, мұндай бастамалар кітапханалардың қолжетімділігін арттырып, тұрғындарға заманауи әрі ыңғайлы қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.

