Үкімет отырысында Қазақстанға автокөліктерді заңсыз әкелудің алдын алуға бағытталған жаңа шаралар 1 қыркүйектен бастап күшіне енетіні айтылды, деп хабарлайды SteppeNews.kz хабарлайды.
Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов елімізге заңсыз әкелінетін көліктер мәселесі әлі де өзекті екенін атап өтті.
«Еліміздің аумағына көлік құралдарын заңсыз әкелу фактілері әлі де тіркелуде. Мұндай көліктердің басым бөлігі техникалық және экологиялық талаптарға сай келмейді. Бұл, соның ішінде, кедендік заңнама нормаларын құқықтық қолдану тәжірибесіндегі олқылықтарға да байланысты. Қаржы министрлігі Өнеркәсіп министрлігімен бірге 10 күн ішінде автокөліктердің ел аумағына заңсыз әкелінуіне жол бермеу жөнінде шаралар кешенін әзірлесін. Қолданыстағы заңнамалық нормаларды түсіндіру барысында нақты әрі айқын ұстаным болуға тиіс», – деді Үкімет басшысы.
Премьер-министрдің айтуынша, кедендік әкімшілендіру мен техникалық реттеу саласындағы жаңа тәсілдер биылғы 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілуі тиіс.
Сондай-ақ Олжас Бектенов қабылданып жатқан өзгерістер бойынша халық арасында кең көлемде түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
«Қабылданып жатқан барлық шара бойынша халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Бақылау мен үйлестіру Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевта», – деді Премьер-министр.
