Байқаудың екі күндік қорытындысы бойынша қазылар алқасы қазақстандық әншінің өнерін 134 ұпаймен бағалады.
– «Славян базарының» сахнасына алғаш рет 15 жасымда шықтым. Бұл – ұзақ жол болды. Бірінші орынды иеленіп, елге жеңіспен оралатыныма қуаныштымын, – деді Ақерке Амалят.
Қазақстандық өнерпаз бас жүлдені жеңіп алған Италия өкілі Сорайядан небәрі бір ұпайға қалып қойды. Италиялық әнші 135 ұпай жинап, Гран-при иегері атанды.
Екінші дәрежелі жүлде Беларусь өкілі Елена Кузнецова мен Молдова әншісі Алексей Осичевке бұйырды.
Ал үшінші орын Қырғызстаннан Нурдоолот Деркембаев пен Грузиядан Важе Гаделияға берілді.
Биыл бас жүлде үшін 19 елдің өнерпазы бақ сынады. Байқаудың алғашқы кезеңінде қатысушылар әлемдік хит әндерді минус-фонограмманың сүйемелдеуімен орындаса, екінші кезеңде славян тілдерінің бірінде ән айтып, Ұлттық президенттік оркестрдің сүйемелдеуімен өнер көрсетті.
Айта кетейік, «Витебскідегі Славян базары» халықаралық өнер фестивалі 1992 жылдан бері жыл сайын шілде айының ортасында өткізіліп келеді. Ол ТМД және Шығыс Еуропадағы ең беделді мәдени форумдардың бірі саналады.
