Алматы халықаралық әуежайында аэродром инфрақұрылымын жаңғырту аясында жаңа магистральді рульдеу жолының құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Жоба әуе кемелерінің жерүсті қозғалысын тиімді ұйымдастырып, әуежайдың өткізу қабілетін арттыруға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта әуежайдағы ұшу-қону жолақтарының бірі ұшу мен қонудан бөлек, әуе кемелерінің рульдеуі үшін де пайдаланылады. Жаңа рульдеу жолы іске қосылғаннан кейін ұшақтар жеке бағытпен қозғалып, жерүсті қозғалысының уақыты қысқарады және әуе қозғалысын басқару тиімділігі артады.

Жаңа магистральді рульдеу жолының ұзындығы 05L–23R ұшу-қону жолағы бойымен 4 шақырымды, ал қосалқы жолдарымен бірге 5,2 шақырымды құрайды. Жолдың ені – 44 метр. Жалпы құрылыс аумағы 305 мың шаршы метр болса, оның 180 мың шаршы метрі бетонмен, 125 мың шаршы метрі асфальтпен жабдықталады.
Құрылыс алаңында бүгінде 500-ден астам маман мен 269 арнайы техника жұмыс істеп жатыр. Мамандар жер жұмыстары, бетон төсеу, асфальт жабындысын салу және халықаралық талаптарға сай аэродром инфрақұрылымын дамыту жұмыстарын атқаруда.

Жоба аяқталған соң Алматы халықаралық әуежайының жұмысы тиімдірек болып, әуе кемелеріне қызмет көрсету жылдамдығы артады. Сонымен қатар бұл жаңғырту әуежайдың Орталық Азиядағы жетекші авиациялық хаб ретіндегі әлеуетін күшейтуге ықпал етеді.
