Алматы облысында жеңіл көлік тұрғын үйдің қоршауын бұзып өтіп, аулада туған күн тойлап отырған адамдарды қағып кетті. Оқиға салдарынан 40 жасқа толған әйел аяғынан айырылып, тағы бірнеше адам жарақат алды, деп хабарлайды SteppeNews.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Жантүршігерлік оқиға төрт күн бұрын болған. Алдын ала мәлімет бойынша, 24 жастағы бойжеткен тізгіндеген Mercedes көлігі жолдан шығып кетіп, жеке үйдің қоршауын бұзып өткен. Сол сәтте аулада туған күн тойланып жатқан.
Күшті соққы салдарынан мерейтой иесінің аяғы ауыр жарақат алып, дәрігерлер оны ампутациялауға мәжбүр болған. Тағы бір адамның бірнеше қабырғасы сынған. Оқиға кезінде төрт жасар бала да зардап шегіп, жақындарының айтуынша, қатты күйзелістен кейін сөйлемей қалған.
Жәбірленушілердің туыстары көлік жүргізген қыздың жүргізуші куәлігі болмағанын әрі мас күйде болғанын алға тартып отыр. Алайда бұл ақпаратты құқық қорғау органдары әзірге ресми түрде растаған жоқ.
Алматы қаласындағы №7 аурухананың дәрігерлері ауыр жарақат алған әйелге шұғыл операция жасалғанын хабарлады. Қазіргі таңда оның жағдайы тұрақты, ем қабылдап жатыр. Сондай-ақ оған психологтардың көмегі көрсетілуде.
Алматы облыстық полиция департаментінің мәліметінше, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалған. Қарасай аудандық полиция басқармасы жол-көлік оқиғасы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.
Зардап шеккендердің жақындары істің жан-жақты әрі әділ тергелуін және кінәлілердің заң аясында қатаң жауапқа тартылуын талап етуде.
