2026 жылғы 16 шілдеде Шанхай қаласында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары және Мемлекет басшысының қатысуымен өткен Қазақстан–Қытай жоғары деңгейдегі іскерлік дөңгелек үстелі аясында «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Қытайдың жетекші туристік компанияларымен бірқатар стратегиялық келісімдерге қол қойды, деп хабарлайды SteppeNews.kz Kazakh Tourism-ға сілтеме жасап.

Келісімдер инвестициялар тартуға, туристік инфрақұрылымды дамытуға және Қазақстанды халықаралық туристік нарықта ілгерілетуге бағытталған.
Сапардың басты нәтижелерінің бірі – «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ мен Қытайдың ірі мемлекеттік туристік корпорацияларының бірі China Tourism Group (CTG) арасында «Қытай–Қазақстан трансшекаралық туристік маршрутын іске асыру жөніндегі стратегиялық ынтымақтастық туралы бірлескен мәлімдемеге» қол қойылуы болды.
Құжат туризм саласындағы инвестициялық жобаларды бірлесіп әзірлеу мен іске асыруды көздейді. Жобалардың әлеуетті инвестиция көлемі 1 млрд АҚШ долларынан асады.
Тараптар халықаралық деңгейдегі туристік инфрақұрылымды дамыту бойынша бірлесіп жұмыс істеуге келісті. Атап айтқанда, түрлі санаттағы қонақүйлер салу, туристік нысандар мен қоғамдық кеңістіктерді дамыту, шолу алаңдарын, визит-орталықтарды және жол бойындағы сервис нысандарын құру, заманауи туристік навигация енгізу, сондай-ақ Қазақстанның перспективалы туристік дестинацияларында инженерлік және ілеспе инфрақұрылымды дамыту жоспарланып отыр.
Сонымен қатар туристік аумақтардың мастер-жоспарларын әзірлеу, инвестициялық және техникалық-экономикалық негіздемелер дайындау, туристік дестинацияларды басқару бойынша халықаралық тәжірибе алмасу және Қазақстандағы туристік жобаларға Қытайдың жетекші компанияларын тарту көзделген.
Сапар аясында «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ мен әлемдегі жетекші онлайн туристік платформалардың бірі Trip.com Group арасында үш жылдық стратегиялық ынтымақтастық туралы келісімге де қол қойылды.
Келісім Қазақстанның туристік әлеуетін, ең алдымен Қытай нарығында, бірлескен маркетингтік науқандар арқылы ілгерілетуге бағытталған. Тараптар цифрлық маркетинг құралдарын, тұтынушылық сұранысты талдауды, жарнамалық кампанияларды және халықаралық аудиторияға арналған арнайы туристік өнімдерді бірлесіп жүзеге асырады.
Trip.com Group компаниясымен әріптестік Қазақстанның туристік брендінің халықаралық танымалдылығын арттыруға, брондау көлемін ұлғайтуға, әлеуетті туристер аудиториясын кеңейтуге және елімізге келетін шетелдік туристер санын арттыруға ықпал етеді деп күтілуде.
«Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Талғат Ғазизов Шанхайда қол қойылған келісімдер Қазақстан мен Қытай арасындағы туристік ынтымақтастықтың жаңа деңгейге көтерілгенін атап өтті. Оның айтуынша, China Tourism Group компаниясымен әріптестік ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға жол ашса, Trip.com Group компаниясымен ынтымақтастық Қазақстанның туристік әлеуетін халықаралық деңгейде кеңінен танытып, елімізге келетін шетелдік туристер санын арттыруға мүмкіндік береді.
Қытай Қазақстанның туристік саласы үшін ең перспективалы нарықтардың бірі болып қала береді. Көлік қатынасының жүйелі дамуы мен сауда-экономикалық байланыстардың нығаюы екі ел арасындағы туристік ағынның артуына қолайлы жағдай жасап отыр.
