Еліміздің танымал футболшысы, Англияның «Челси» клубының ойыншысы Дастан Сәтпаев пен белгілі тревел-блогер Дастан Мұхамедрахым (ByDastann) Халықаралық волонтерлер жылының жаһандық амбассадорлары атанды, деп хабарлайды SteppeNews.kz ҚР Ақпарат және мәдениет министрлігіне сілтеме жасап .
2026 жыл Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының шешімімен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасы негізінде Тұрақты даму мақсатындағы Халықаралық волонтерлер жылы болып жарияланды. Аталған бастама халықаралық қауымдастық тарапынан кең қолдау тауып, әлем мемлекеттері жанашырлық, ынтымақ және азаматтық жауапкершілік құндылықтарын дәріптеуге бірлесіп кірісті.
Осы маңызды бастаманы халықаралық деңгейде насихаттау мақсатында танымал қазақстандық футболшы Дастан Сәтпаев пен миллиондаған оқырманы бар тревел-блогер Дастан Мұхамедрахым (ByDastann) Халықаралық волонтерлер жылының жаһандық амбассадорлары болып тағайындалды.
Амбассадорлар волонтерлік қызметтің маңызын кеңінен насихаттап, жастарды қоғамдық бастамаларға белсенді қатысуға шақырады. Сондай-ақ олар еріктілер қозғалысын дамытуға бағытталған халықаралық және ұлттық іс-шараларға қатысып, қайырымдылық пен әлеуметтік жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға үлес қоспақ.
Халықаралық волонтерлер жылы аясында әлемнің көптеген елінде тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған еріктілік жобалары, әлеуметтік акциялар мен қоғамдық бастамалар ұйымдастырылады. Бұл бастама азаматтардың қоғам өміріне белсенді араласуын арттырып, ортақ игілік жолындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.
