2026 жылғы 19 шілдеде банкаралық бірыңғай QR-төлемдер жүйесі ресми түрде іске қосылады. Алайда оның толыққанды жұмыс істеп жатыр деуге әлі ерте: бірыңғай QR арқылы төлем жасау үшін сатып алушының да, сатушының да банкі жүйеге қосылған болуы қажет.
Ұлттық банк банктерді жүйеге қосу кезең-кезеңімен жүзеге асырылатынын атап өтті. Сондықтан іске қосылғаннан кейінгі алғашқы апталарда сервистің қолжетімділігі сатып алушы мен сауда орны қай банктің қызметін пайдаланатынына байланысты әртүрлі болуы мүмкін.
Қазіргі таңда ең ірі екі банк – Halyk Bank пен Kaspi – барлық төлемдердің шамамен 80%-ын бақылайды, оның ішінде Bloomberg бағалауы бойынша, Kaspi-дің үлесіне шамамен 70% тиесілі. Сондықтан бірыңғай QR жүйесін енгізу ең алдымен орта және шағын банктердің позициясын күшейтуі мүмкін.
Жаңа жүйенің сатып алушыларға, сатушыларға, банктерге және Ұлттық банкке қалай әсер етуі мүмкін екенін қарастырайық.
Сатып алушылар
Жобаға сәйкес, бірыңғай QR сатып алушының қай банкте қызмет көрсетілетініне қарамастан, тауарлар мен қызметтердің ақысын төлеуге мүмкіндік береді.
Төлем жасау үшін клиент өз банкінің мобильді қосымшасын ашып, сатушының QR-кодын сканерлеп, операцияны растауы қажет.
Егер барлық негізгі банктер жүйеге толық қосылса, сатып алушылар төлемдердің ыңғайлылығы мен банк таңдаудағы еркіндіктің арқасында ұтады. Енді клиентке белгілі бір сауда орнында қай банктің терминалы орнатылғанына қарай бейімделудің қажеті болмайды.
Сатушылар
Эквайринг құнын дәл сауда орындары төлейді. Қазіргі кезде комиссия төлем сомасының шамамен 1%-ын құрайды және шағын дүкендер үшін бұл елеулі шығын болуы мүмкін.
Бағаны көтеру мүмкіндігі халықтың сатып алу қабілетімен, бәсекелестікпен, әлеуметтік маңызы бар тауарларға қатысты мемлекеттік талаптармен және жеткізушілердің саясатымен шектеледі.
Мысалы, темекі өнімдеріне үстеме баға көтерме сатып алу құнының шамамен 10%-ын құрайды, бұл айналымнан алынатын жалпы маржаның шамамен 9%-ына тең. Шағын дүкендегі орташа үстеме баға көтерме құнның шамамен 15%-ын немесе сату бағасының шамамен 13%-ын құрауы мүмкін.
Осы соманың шамамен 4%-ы сатушының еңбекақысына, 3%-ы салықтарға, тағы 1%-ы эквайринг үшін банк комиссиясына жұмсалады. Қалған шамамен 5% есебінен кәсіпкер жалдау ақысын, коммуналдық және басқа да шығындарды жауып, өз табысын қамтамасыз етуі тиіс.
Бірыңғай QR енгізілгеннен кейін бәсекелестіктің күшеюі уақыт өте келе бизнес үшін эквайринг құнының төмендеуіне ықпал етеді деген үміт бар.
Банктер
Нарықтағы ірі ойыншылар үшін төлем ағындарының бір бөлігін жоғалтып, клиенттік базаның қайта бөлінуі объективті түрде тиімді емес. Сондықтан жетекші банктердің бірыңғай жүйеге қосылуы оның толыққанды жұмыс істеуі үшін шешуші маңызға ие.
Бірыңғай QR клиенттердің банктер арасында ауысуын жеңілдетіп, сатып алушылар мен сатушылардың бір ғана төлем экожүйесіне тәуелділігін азайтуы мүмкін.
Ең үлкен пайда орта және шағын банктерге тиюі ықтимал. Олар енді өздерінің QR желісінің ауқымымен емес, мобильді қосымшалардың сапасы, тарифтері және қосымша сервистері арқылы бәсекелесе алады.
Сонымен қатар, банктердің төлемдерді өңдеуге кететін шығындары әртүрлі. Сондықтан олардың эквайринг комиссиясының оңтайлы мөлшерлемелері бойынша өзара келісімге келе алуы маңызды мәселе болып қала береді.
Ұлттық банк
Ұлттық банк бірыңғай банкаралық QR-төлемдер жүйесінің бастамашысы болды. Оның негізгі мақсаттары – бәсекелестікті дамыту және ұлттық төлем инфрақұрылымын нығайту.
Реттеушінің міндетіне жүйенің сенімді жұмысын қамтамасыз ету, пайдаланушыларды алаяқтықтан қорғау, клиенттік деректерді беру қағидаларын белгілеу және күмәнді операцияларды анықтау тетіктерін құру кіреді.
Бірыңғай QR іске қосылуы банктер үшін анағұрлым тең жағдай қалыптастыруы тиіс. Алайда қатысушылардың формальды түрде қосылуы ғана жеткіліксіз.
Ендігі негізгі міндет – жүйені бейімделу кезеңінен толыққанды жұмыс режиміне көшіру.
Сатып алушының банкі де, сатушының банкі де бірыңғай банкаралық QR-төлемдер жүйесіне толық қосылуы тиіс. Әйтпесе, бірыңғай QR өзінің басты функциясын толық орындай алмайды.
Автор: Айгерім Ильясова, Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер, экономика ғылымдарының кандидаты
