Барнаулдағы Алтай мемлекеттік университетінде Үлкен Алтайды зерттеуге арналған Қытай-Ресей археологиялық зерттеу орталығының ресми ашылу рәсімі өтті. Жаңа ғылыми орталық Қытай, Ресей, Қазақстан және Моңғолия ғалымдарының бірлескен зерттеулерін үйлестіретін халықаралық алаңға айналмақ еп хабарлайды SteppeNews.kz, «Жэньминь Жибао» басылымына сілтеме жасап.
Орталықтың негізгі бағыты – Алтай таулары мен оған іргелес аумақтардағы трансшекаралық археологиялық зерттеулерді дамыту. Жоба төрт ел арасындағы ұзақмерзімді ғылыми ынтымақтастықты нығайтып, Еуразия даласының тарихын кешенді зерттеуге мүмкіндік береді.
Ғалымдар ерте көшпелі өркениеттердің қалыптасуы мен дамуын, Ұлы Жібек жолының дала бөлігіндегі мәдени байланыстарды, ежелгі көші-қон үдерістерін және аймақ халықтарының тарихи сабақтастығын жан-жақты зерттеуді көздеп отыр.
Орталық жұмысы аясында Қытай, Ресей, Қазақстан және Моңғолияның ғылыми мекемелері археологиялық олжалармен, тарихи құжаттармен және зерттеу нәтижелерімен ашық алмасады. Сонымен қатар қашықтан зондтау, цифрлық картография және басқа да заманауи технологиялар кеңінен қолданылып, археологиялық зерттеулердің тиімділігі арттырылады.
Жоба жас ғалымдарды даярлауға да ерекше көңіл бөледі. Осы мақсатта бірлескен археологиялық экспедициялар, тағылымдамалар, академиялық алмасу бағдарламалары және ғылыми сапарлар ұйымдастырылып, халықаралық тәжірибесі бар жаңа буын археологтарын қалыптастыру жоспарланған.
Алтай мемлекеттік университетінің ректоры Сергей Бочаров оқу орны жаңа орталықтың табысты жұмысына қажетті барлық ресурсты жұмылдырып, халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамытуға жан-жақты қолдау көрсететінін айтты.
Ал Жібек жолы бойынша бірлескен археологиялық зерттеулер орталығының бас ғылыми қызметкері, профессор Ван Цзяньсинь Алтайды Еуразия өркениеттері тоғысқан маңызды аймақ деп бағалады. Оның айтуынша, өңір ерте көшпелі мәдениеттердің қалыптасуын, Шығыс пен Батыс арасындағы байланыстарды және Ұлы Жібек жолының даму тарихын зерттеуде ерекше орын алады. Сондықтан жаңа орталық төрт елдің жетекші ғалымдарын біріктіріп, ежелгі тарихты кешенді зерттеуге тың серпін береді.
Орталықтың ашылуына орай «Мал шаруашылығынан көшпелі өмірге дейін: Қола дәуірі мен ерте темір дәуіріндегі Алтайдың археологиялық мәдениеттері» атты альбомның қытай, орыс және ағылшын тілдеріндегі тұсаукесері өтті. Сондай-ақ Алтай–Тянь-Шань өңірін зерттеуге арналған ғылыми семинар ұйымдастырылып, қытайлық және ресейлік археологтардың бірлескен экспедициялары басталды. Бағдарлама аясында Алтай өңіріндегі ірі қорымдар мен жартас суреттеріне далалық зерттеулер жүргізілмек.
Жаңа орталықтың ашылуы халықаралық ғылыми ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеріп, Үлкен Алтайдың бай тарихи-мәдени мұрасын сақтап, жан-жақты зерттеуге елеулі үлес қосады деп күтілуде.
