Қазақстанда электрондық қалдықтардың құрамындағы қауіпті заттардың адам денсаулығы мен қоршаған ортаға кері әсерін азайтуға бағытталған «Қазақстандағы электрониканың өмірлік циклінде айналымдылық пен ресурстарды пайдалану тиімділігін ілгерілету» жобасы іске қосылды деп хабарлайды SteppeNews.kz, Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігіне сілтеме жасап.
Жоба Жаһандық экологиялық қордың (ГЭФ) қаржыландыруымен Электрониканы басқару жөніндегі жаһандық бағдарлама (GEM) аясында жүзеге асырылады. GEM – Біріккен Ұлттар Ұйымының Өнеркәсіптік даму жөніндегі ұйымының (ЮНИДО) бастамасы. Бағдарлама БҰҰ-ның Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасы (ЮНЕП) және өзге де халықаралық серіктестердің қатысуымен іске асырылады.
Бағдарламаның негізгі мақсаты – электрониканы оның толық өмірлік циклі бойы экологиялық қауіпсіз әрі ресурсты тиімді басқару жүйесіне көшуге қолдау көрсету. Бұл бағытта заңнаманы жетілдіру, жаңа технологиялар мен қаржыландыру құралдарына қолжетімділікті кеңейту, өнімнің тұрақты дизайнын дамыту, сондай-ақ жөндеу, қайта пайдалану және қайта өңдеу жүйелерін күшейту көзделген. Нәтижесінде электрондық қалдықтардың қоршаған орта мен адам денсаулығына тигізетін зияны азайып, бағалы ресурстардың сақталуына мүмкіндік туады.
Электрондық қалдықтар бүгінде әлемде ең жылдам көбейіп жатқан қалдық түрлерінің бірі саналады. Технологиялардың қарқынды дамуы, тұтынудың артуы және құрылғылардың пайдалану мерзімінің қысқаруы салдарынан жыл сайын миллиондаған тонна электрондық қалдық жиналады. Олардың құрамында дұрыс өңделмеген жағдайда қауіпті әсер ететін зиянды заттармен қатар алтын, күміс және басқа да құнды материалдар бар. Мұндай қалдықтар қайта өңделмесе, бағалы ресурстар толықтай жоғалады.
Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Қалдықтарды басқару департаментінің директоры Руслан Түкеновтің айтуынша, электрондық қалдықтарды басқару мәселесі бүгінде экологиямен ғана шектелмейді. Бұл өнеркәсіптік саясат, цифрландыру, халықаралық сауда, ресурстық қауіпсіздік, климаттық саясат және тұрақты экономикалық даму бағыттарымен тығыз байланысты. Оның сөзінше, аталған жоба қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіруге, айналымды экономиканы дамытуға және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануға жаңа мүмкіндік береді.
Жоба аясында ұлттық әлеуетті арттыру, мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту және электрониканы басқарудың халықаралық озық тәжірибесін енгізу жоспарланған.
Практикалық жұмыстар бірнеше бағытты қамтиды. Атап айтқанда, пилоттық қалаларда халықтан электрондық қалдықтарды жинау жүйесі сынақтан өткізіледі, қайта өңдеу кәсіпорындарына техникалық қолдау көрсетіледі, сұрыптау жүйесі жетілдіріледі және электрондық қалдықтарды экологиялық қауіпсіз өңдеу тәжірибесі енгізіледі. Сонымен қатар құнды материалдарды қалпына келтіру, қауіпті заттарды анықтау құралдарын енгізу, электрондық қалдықтардың қозғалысына мониторинг жүргізу, сала мамандарының әлеуетін арттыру және мемлекеттік органдар, бизнес пен халықаралық ұйымдар арасындағы ынтымақтастықты нығайту көзделген.
«Тұрақты дамуға көмектесу» орталығының атқарушы директоры Вера Мустафинаның айтуынша, жоба тек экологиялық бастама ғана емес, мемлекет, бизнес, қайта өңдеушілер, импорттаушылар, сарапшылар мен азаматтық қоғам арасындағы тиімді диалог алаңына айналады. Бұл серіктестік электрондық қалдықтарды айналымды экономиканың маңызды бөлігі ретінде дамытуға мүмкіндік береді.
Жобаның ресми таныстырылымы 2026 жылғы 30 маусымда Астана қаласында өтті. Іс-шараға мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, электроника өндірушілері мен импорттаушыларының, қайта өңдеу кәсіпорындарының, салалық қауымдастықтардың, сарапшылар мен азаматтық қоғам өкілдері қатысты.
Семинар барысында жобаның негізгі мақсаттары мен күтілетін нәтижелері таныстырылып, электрондық қалдықтарды басқару саласындағы өзекті мәселелер талқыланды. Сонымен қатар жобаны іске асырудың алғашқы кезеңіндегі басым бағыттар айқындалып, көпжақты үйлестіру тетігі іске қосылды.
Дереккөз: Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі
