• kk
  • ru
  • Джеки Чанның жаңа фильмі Қазақстанда түсіріледі: Аида Балаева түсірілімнің басталуымен құттықтады

    👁 319

    Алматыда әйгілі актер Джеки Чанның қатысуымен түсірілетін Armour of God: Ultimatum («Доспехи бога: Ультиматум») халықаралық көркем фильмінің өндірісі ресми түрде басталды, деп хабарлайды SteppeNews.kz ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.

    Фильм өндірісінің басталуына арналған салтанатты рәсімге ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, сондай-ақ қазақстандық және халықаралық киноиндустрия өкілдері қатысты. Аида Балаева Джеки Чанның Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға қосып жүрген үлесін жоғары бағалап, оған алдағы түсірілім жұмыстарына сәттілік тіледі.

    Джека Чан Алматыда
    Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министірлігі

    «Қазақстан мәдениетін әлемдік аренада танытуға және екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланысты нығайтуға қосып отырған үлесіңіз үшін Сізге алғыс білдіремін. Алдағы түсірілім жұмыстарына сәттілік, жаңа шығармашылық табыстар тілеймін», – деді министр.

    Кездесу барысында Джеки Чан Алматының талантты жас суретшілерімен және Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының түлектері – жас кинематографистермен жүздесті. Белгілі актер жастарға шығармашылық жолда табыс тілеп, үздіксіз ізденіс пен өз ісіне деген сүйіспеншіліктің маңызын атап өтті. Кездесу соңында балалар оған өз қолдарымен салған портреттерін сыйға тартты.

    Джеки Чан Алматыға келді
    Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министірлігі

    Рәсім соңында қатысушылар дәстүрлі кино түсіріліміне арналған тақтайшамен естелік суретке түсіп, жобаның ресми басталғанын айшықтады.

    Жоба ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қытайдың мемлекеттік China Film Group Corporation кинокомпаниясының қолдауымен жүзеге асырылуда. Фильмді қазақстандық Sәlem Entertainment және гонконгтық Billion Target компаниялары бірлесіп түсіреді. Түсірілім жұмыстары 2026 жылдың шілде-қазан айлары аралығында Қазақстан аумағында өтеді.

    Картинаның қоюшы режиссері – қазақстандық Роберт Кун. Негізгі түсірілім алаңдары Алматы қаласында, Алматы және Маңғыстау облыстарында орналасады. Фильм кең халықаралық прокатқа шығарылады.

    Министрліктің мәліметінше, бұл жоба Қазақстан үшін стратегиялық әрі имидждік маңызға ие. Ол елдің мәдени, туристік және инвестициялық әлеуетін ілгерілетуге, кинотуризмді дамытуға, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және Қазақстанды әлемдік деңгейдегі ірі киножобаларды түсіруге қолайлы заманауи алаң ретінде танытуға ықпал етеді.

    Джеки Чан Алматыға келді
    Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министірлігі