Қазақстандық кәсіпкер, SmartestPrep білім беру стартапының негізін қалаушы Лаура Вайгорова кәсіби және көшбасшылық қабілеттерді дамытуға арналған беделді халықаралық CAMCA Fellowship 2026 бағдарламасының қатысушысы атанды. Бағдарламаға Орталық Азия, Кавказ, Моңғолия және Ауғанстанды қамтитын CAMCA өңірінен небәрі 12 жас көшбасшы іріктеледі. Биыл Қазақстаннан осы бағдарламаға өткен жалғыз қатысушы – Лаура Вайгорова деп хабарлайды SteppeNews.kz.
Айта кетерлігі, Лаура бағдарламаға екінші талпынысында қабылданған. Алғашқы өтінімі мақұлданмағанымен, кейін қайта өтініш беріп, іріктеуден сәтті өткен.
«Бес апта бойы қатысушылар Вашингтонда мемлекеттік органдардың өкілдерімен, саясаткерлермен, журналистермен, зерттеушілермен, халықаралық ұйымдар және бизнес көшбасшыларымен кездеседі. Бағдарлама АҚШ-тың мемлекеттік және жекеменшік секторларының жұмысымен танысып, халықаралық тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді», – дейді Лаура Вайгорова.
CAMCA Fellowship бағдарламасы АҚШ-тың бұрынғы Қорғаныс министрі Дональд Рамсфельд негізін қалаған Rumsfeld Foundation қорының қолдауымен жүзеге асырылады. Оның мақсаты – CAMCA өңіріндегі жас көшбасшыларды біріктіріп, кәсіби байланыстарды нығайту және АҚШ-пен халықаралық ынтымақтастықты дамыту.
Бағдарлама аясында қатысушылар Вашингтоннан бөлек АҚШ-тың тағы екі ірі қаласына барып, мемлекеттік мекемелердің, бизнес қауымдастықтарының және қоғамдық ұйымдардың жұмысымен танысады.
Лаура Вайгорованың айтуынша, бұл жоба өңірдегі өзге елдердің көшбасшыларымен тәжірибе алмасуға, жаңа серіктестік байланыстар орнатуға және Қазақстандағы білім беру мен жастар бастамаларын дамытуға пайдалы тәжірибе жинақтауға мүмкіндік береді.
Бағдарлама аяқталғаннан кейін қатысушылар халықаралық жобаларды бірлесіп жүзеге асыратын CAMCA Network қауымдастығының мүшесі ретінде ынтымақтастықты жалғастырады.
