2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясында әрбір азаматтың денсаулығын қорғау құқығы бекітілген.
Бұл іс жүзінде нені білдіреді? Қазақстандықтар қандай медициналық көмек пен профилактикалық шараларға сене алады? Осы сұрақтарға Qazaq Expert Club денсаулық сақтау саласының сарапшысы Гүлнафис Жүсіпәлиева жауап берді.
Оның айтуынша, денсаулықты қорғауға конституциялық құқық дәрігерге алғашқы қаралудан әлдеқайда бұрын басталады.
« Қазақстанда халықтың тиісті жас топтары үшін жатыр мойны обырын, сүт безі обырын және колоректальды обырды ерте анықтауға арналған скринингтер тегін жүргізіледі. Сонымен қатар артериялық гипертонияны, қант диабетін, липид алмасуының бұзылыстарын және жүрек-қан тамырлары ауруларының басқа да қауіп факторларын ерте анықтауға бағытталған профилактикалық тексерулерге ерекше көңіл бөлінеді», – дейді сарапшы.
Сондай-ақ оның айтуынша, балалар үшін жыл сайынғы профилактикалық медициналық тексерулер қарастырылған, созылмалы аурулары бар пациенттердің диспансерлік бақылауда болуға құқығы бар, ал вакцинация профилактикалық егулердің Ұлттық күнтізбесіне сәйкес жүргізіледі.
«Егер адамға созылмалы ауру диагнозы қойылса, ол диспансерлік бақылауда болуға құқылы. Бұл денсаулық жағдайын тұрақты бақылауды, қажетті тексерулерден өтуді, дәрігердің қадағалауында болуды және емдеуді уақытылы түзетуді білдіреді. Өкінішке қарай, көптеген пациенттер бұл мүмкіндікті толық пайдаланбайды, ал дәл осы диспансерлік бақылау асқынулардың алдын алуға мүмкіндік береді», – дейді Гүлнафис Жүсіпәлиева.
Сарапшы көптеген қазақстандықтардың өз құқықтарының барлығын әлі де толық білмейтінін атап өтті.
«Пациенттердің барлығы бірдей өзінің медициналық құжаттарымен танысуға, екінші медициналық пікір алуға, дәрігерге диагнозы мен емі туралы сұрақтар қоюға, сондай-ақ заңнамада көзделген жағдайларда медициналық араласуға саналы түрде келісім беруге немесе одан бас тартуға құқылы екенін біле бермейді», – деп түсіндіреді ол.
Сарапшының айтуынша, өз құқықтарын білу ғана емес, мемлекеттік денсаулық сақтау жүйесі ұсынатын мүмкіндіктерді пайдалану да маңызды.
«Егер жасыңыз 40-тан асқан болса, өзіңіз тіркелген емханадан қандай профилактикалық тексерулер мен скринингтерден өтуіңіз қажет екенін анықтап алған жөн. Қант диабеті, артериялық гипертония және кейбір онкологиялық аурулар ерте кезеңде ешқандай белгісіз өтуі мүмкін», – дейді Гүлнафис Жүсіпәлиева.
Көпшілік профилактика тек мемлекеттік скринингтермен ғана шектеледі деп қате ойлайды.
«Тіпті адам мемлекеттік скринингтің мақсатты тобына кірмесе де, ол әрқашан өзінің учаскелік дәрігеріне жүгініп, профилактикалық тексеруден өте алады. Дәрігер жеке қауіп факторларын бағалайды, артериялық қысымды, дене салмағының индексін өлшейді, қажет болған жағдайда зертханалық талдауларды, ЭКГ немесе бейінді мамандардың кеңесін тағайындайды. Бұл әсіресе отбасында инфаркт, инсульт, қант диабеті немесе онкологиялық аурулар болған жағдайда өте маңызды», – дейді сарапшы.
Гүлнафис Жүсіпәлиева қазіргі заманғы профилактиканың барған сайын жекелендірілген сипат алып келе жатқанын атап өтті.
«Бүгінде барлығына бірдей арналған тексерулер тізімі жоқ. Профилактика жасына, жынысына, тұқым қуалаушылыққа, өмір салтына және бар ауруларға қарай жоспарланады. Сондықтан ең дұрыс шешім – алғашқы медициналық-санитариялық көмек дәрігерімен бірге жеке профилактикалық жоспар құру», – дейді ол.
Сарапшының пікірінше, денсаулыққа қамқорлық қарапайым, бірақ тұрақты әрекеттерден басталады.
«Көптеген адамдар уақыттың жоқтығын алға тартып, профилактикалық тексерулерден өтуді кейінге қалдырады. Сонымен қатар, заңнамада қызметкерлерге профилактикалық медициналық тексерулер мен скринингтерден өту үшін әлеуметтік демалыс беру қарастырылғанын бәрі бірдей біле бермейді.
Бұған қоса, көпшілік денсаулыққа қамқорлық жасау үлкен шығынды талап етеді деп ойлайды. Шын мәнінде, ең қарапайым қадамдардан бастауға болады: емханаға тіркелу, өзіңіздің учаскелік дәрігеріңізбен танысу, жасыңызға сәйкес қандай тексерулерден өту қажет екенін білу, артериялық қысымды тұрақты бақылау, көрсетілім бойынша вакцина алу және денсаулыққа қатысты қандай да бір шағым болса, дәрігерге қаралуды кейінге қалдырмау», – дейді сарапшы.
Сөз соңында Гүлнафис Жүсіпәлиева денсаулықты қорғауға қатысты конституциялық құқық адам өзіне берілген мүмкіндіктерді пайдаланған кезде ғана нақты мәнге ие болатынын атап өтті.
«Меніңше, қазіргі заманның басты өзгерісі де осында: бұрын адам денсаулық сақтау жүйесін тек ауырғанда ғана еске алатын. Ал бүгінде денсаулық сақтау жүйесі адамды дені сау кезінде де сүйемелдеуі тиіс. Денсаулықты қорғауға қатысты конституциялық құқықтың заманауи мәні дәл осы деп есептеймін», – деп түйіндеді сарапшы.
