Ақтау қаласының мектеп оқушылары адам өмірін сақтап қалуға септігін тигізетін бірегей технологиялық жүйе ойлап тапты. Бұл құрылғы адам жүрегінің жұмысын тәулік бойы тапжылмай қадағалап, қауіп төнген сәтте жақындарына автоматты түрде белгі береді. Жаңа әзірлеме денсаулық жағдайындағы критикалық өзгерістерді санаулы секунд ішінде анықтауға қауқарлы. Бұл туралы «24KZ» арнасына сілтеме жасап SteppeNews.kz хабарлайды.
Инновациялық жобаны қолға алу идеясы оқушылардың бірі өзінің егде жастағы туыстарының қауіпсіздігі туралы ойланғаннан кейін туындаған. Осыдан кейін төрт дос бірігіп, денсаулық жағдайын бақылайтын ортақ жүйе құруға бел буады. Жоба авторларының бірі Әбдірахим Мұраттың айтуынша, адамның жағдайы күрт нашарлағанда шұғыл көмектің әр секундты алтыннан қымбат. Сондықтан жас өнертапқыштар қауіпті жағдайда бағалы уақытты үнемдеп, өмірді сақтап қалатын жүйе жасауды мақсат еткен.
Жүйенің техникалық ерекшелігі мен құрылымы туралы топ мүшесі Азамат Алтымбек толығырақ ақпарат берді:
«Біздің жүйеміздің негізгі бөлшегі — жасанды интеллект орнатылған микрокомпьютер. Ол арнайы датчиктерден келіп түсетін мәліметтерді қабылдап, оларды үздіксіз талдайды және нақты уақыт режимінде адамның денсаулық жағдайын бақылауға мүмкіндік береді».
Оқушылар жасап шыққан бұл құрылғы арнайы платформа арқылы адамның тамыр соғысын, жүрек ырғағын және өзге де маңызды көрсеткіштерін онлайн көрсетіп тұрады. Егер датчиктер жүрек жұмысынан қауіпті өзгеріс байқаса, небәрі 5 секунд ішінде науқастың туыстарына Telegram желісі арқылы автоматты түрде ескерту хабарламасын жолдайды. Мұнымен қоса, құрылғыға орнатылған шок-сенсорға ұқсас тетік адамның құлап қалғанын небәрі 2 секунд ішінде дәл анықтай алады.
Жоба менторы Жоламан Саясат бұл ізденістің әлеуметтік әрі білім беру тұрғысынан маңызы зор екенін атап өтті. Оның пікірінше, бұл өнім цифрлық технологиялардың адам қауіпсіздігін қалай арттыра алатынын көрсетіп қана қоймайды, сонымен бірге оқушылардың инженерлік шеберлігін шыңдап, командада жұмыс істеу дағдысын қалыптастырады.
Қазіргі уақытта жас дарындар құрылғыны бұдан да ықшам, дәл әрі күнделікті өмірде алып жүруге ыңғайлы ету бағытында жұмыс істеп жатыр. Болашақта авторлар бұл кардиомониторинг жүйесін мемлекеттік әлеуметтік бағдарламаларға енгізуді жоспарлауда.
