Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) Астана қаласындағы республикалық Бас мешіттің атауы өзгергенін мәлімдеді. Бұл туралы ҚМДБ-ға сілтеме жасап SteppeNews.kz хабарлайды.
Діни басқарма таратқан ресми мәлімдемеге сәйкес, республикалық Бас мешітке бұдан былай «Нұрсұлтан мешіті» атауы берілді. Осы шешімге байланысты нысанның жаңа атауы ресми қолданысқа енгізіледі.
«Республикалық Бас мешіт – елорданың ғана емес, барша Қазақстан мұсылман жамағатының ортақ рухани ордасы. Мешіт халық бірлігін нығайтуға, бейбітшілік пен келісімді дәріптеуге, ізгілік пен мейірімділік құндылықтарын насихаттауға, сондай-ақ имандылық пен адамгершілікке негізделген игі бастамаларды қолдауға қызмет етіп келеді», – делінген діни басқарма хабарламасында.
ҚМДБ өкілдері бұл қадамның маңыздылығын атап өтіп, «Нұрсұлтан мешіті» алдағы уақытта да халқымыздың рухани өміріне белсене қызмет ететінін жеткізді.
Сонымен қатар рухани орда қоғамдағы бірлік пен ынтымақты одан әрі нығайтуға, қазақ халқының дәстүрлі рухани құндылықтарын сақтауға және дін саласындағы игі бастамаларды дамытуға өз үлесін қоса бермек.
