Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел халқын мерейлі мереке – Ұлттық домбыра күнімен шын жүректен құттықтады, деп хабарлайды SteppeNews.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Президент өз құттықтауында қос ішекті қастерлі аспаптың ұлттық бірегейліктің ажырамас бөлігі және халқымыздың рухын көтеретін баға жетпес мұра екенін атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, жаһандық сын-қатерлер күшейіп, дәстүрлі құндылықтар көмескіленген қазіргі алмағайып заманда домбыра ұлттық мәдениеттің басты тірегі болып қала береді.
«Халықаралық қауымдастыққа қазақ домбырасының сазды әуенін таныстыру – біздің жалпыұлттық парызымыз. Аса көрнекті ақын Қадыр Мырза Әлінің «Нағыз қазақ – домбыра» деген тамаша теңеуі домбыраны кеңінен дәріптеу ісінде темірқазық іспеттес болуға тиіс», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Президент биылғы мерекенің символдық мәніне тоқталды. 1 шілдеде, яғни Домбыра күні қарсаңында мемлекеттілік жылнамасының жаңа парағын ашқан Халық Конституциясы заңды күшіне енді. Енді тарихи-мәдени мұраны сақтау және төл мәдениетті қолдау мәселесі алғаш рет Халық Ата заңының негізгі қағидаты ретінде айқындалып отыр.
Мемлекет басшысы ұлттық өнерді Қазақстанда және шет елдерде жоғары деңгейде насихаттауға атсалысып жүрген барша домбырашылар мен ұстаздарға шынайы ризашылығын білдірді.
Құттықтау соңында Президент қазақтың ән-күйі алдағы уақытта да азаматтарға шабыт беріп, Әділетті әрі Қуатты Қазақстанды құру жолында жаңа жетістіктерге жетелей беретініне сенім білдіріп, әр шаңыраққа амандық пен бақ-береке тіледі.
