Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі кәсіби бухгалтерлік ұйымдармен бірлесіп, 2026 жылдың 5 қаңтары мен 30 маусымы аралығында өткен республикалық «Халық бухгалтері» акциясының қорытындысын жарияланды деп хабарлайды SteppeNews.kz, Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің ресми ақпараттық ресурсына сілтеме жасап.
Акцияның мақсаты – кәсіпкерлерге практикалық қолдау көрсету, бухгалтерлік және салықтық есеп жүргізу сапасын арттыру, сондай-ақ 2026 жылдан бастап күшіне енген салық заңнамасындағы өзгерістерді түсіндіру болды.
Акция аясында облыс орталықтарында, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларындағы Мемлекеттік кірістер департаменттерінде азаматтарға тегін жеке кеңестер ұйымдастырылды. Кеңестерді кәсіби бухгалтерлер мен мемлекеттік кірістер органдарының мамандары жүргізді. Жалпы акцияға 120-дан астам аккредиттелген кәсіби бухгалтер қатысты.
Алты ай ішінде жоба кәсіпкерлер мен кәсіби бухгалтерлік қауымдастық арасындағы тиімді байланыс алаңына айналды.
Акция қорытындысы бойынша:
- 60 мыңнан астам салық төлеуші тегін кеңес алды;
- 3247 ашық есік күні ұйымдастырылды;
- 2928 семинар өткізілді;
- 512 сараптамалық сұхбат пен түсіндірме жарияланды;
- БАҚ пен әлеуметтік желілерде 10 мыңнан астам материал жарық көрді;
- Радиода ақпараттық роликтер 45 мыңнан астам рет эфирге шықты;
- Zakon.kz платформасындағы акция материалдары мен төрт вебинар 2,5 миллион қаралым жинады.
Кәсіпкерлер жаңа Салық кодексін қолдану, салық режимдерін таңдау, ҚҚС, салықтық жеңілдіктер, электронды шот-фактуралар, ақпараттық жүйелер және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға қатысты өзекті мәселелер бойынша кеңестер алды.

Қаржы министрлігінің мәліметінше, бұл тәжірибе алдағы уақытта да жалғасады. Енді жергілікті Мемлекеттік кірістер органдарында бухгалтерлік ұйымдармен бірлесіп салық заңнамасын түсіндіруге арналған «Ашық есік күндері» ай сайын ұйымдастырылып тұрады.
