Comic Con Astana халықаралық поп-мәдениет фестивалінің ұйымдастырушылары биылғы шараның екінші бас қонағының есімін ресми түрде жариялады, деп хабарлайды SteppeNews.kz.
Ол — Netflix-тің хитке айналған «One Piece» сериалында басты рөл — Манки Д. Луффиді сомдап, әлемдік деңгейде танылған мексикалық жас жұлдыз Иняки Годой.
Биыл бесінші рет жалауын желбірететін фестиваль 2026 жылғы 6–9 тамыз аралығында өтеді. Төрт күн бойы елорда кино, сериал, комикс, аниме және бейнеойындар жанкүйерлерінің бас қосатын басты орталығына айналады.
Эйитиро Оданың аты аңызға айналған мангасы желісімен түсірілген «One Piece» сериалы жарыққа шыққалы Иняки Годой өз буынының ең дарынды әрі жарқын актерлерінің бірі ретінде мойындалды. Ол сомдаған қайсар да жігерлі қарақшылар капитаны Луффи қысқа мерзімде миллиондаған көрерменнің сүйікті кейіпкеріне айналды. Актер сонымен қатар «Кемеліне жетпегендер» және «Сараны кім өлтірді?» сериалдары арқылы да жақсы таныс.
Comic Con Astana аясында Иняки Годой фестивальдің бас сахнасына шығып, жанкүйерлердің сұрақтарына жауап береді. Сондай-ақ арнайы автограф және фотосессияларға қатысады деп жоспарланған.
Еске сала кетейік, бұған дейін фестивальдің алғашқы хедлайнері ретінде «Тақтар таласы» сериалындағы Джейме Ланнистер рөлімен танымал даниялық атақты актер Николай Костер-Вальдау жарияланған болатын.

Халықаралық кино жұлдыздарынан бөлек, биыл Астанаға интернет кеңістігінің ең танымал авторлары мен косплей майталмандары ат басын бұрады. Арнайы қонақтардың қатарында Германиядан шыққан әлемге танымал Kamui Cosplay шығармашылық дуэті бар. Олар күрделі әрі детальдары мұқият өңделген костюмдерімен ерекшеленеді.
Сондай-ақ YouTube-тегі миллиондық аудиториясы бар танымал өнертапқыш SuperCrastan (Даня Крастер), жұмбақ оқиғалар мен деректі видеоэсселер бағытындағы Jane Kravitz және сән мен саяхат тақырыбында контент жасайтын Karrambaby келеді. Оларға танымал аниматор Dobryak пен кино әлеміне қызықты шолулар жасайтын отандық блогер Dalbek қосылады.
2026 жылы фестиваль ауқымы кеңейіп, екі бірдей ірі нысанда өтеді. Фестивальдің басты сахнасы мен хедлайнерлермен кездесулер Barys Arena аумағында ұйымдастырылады.
Ал «Алау» мұз сарайы ауқымды көрме кеңістігіне айналып, онда тақырыптық аймақтар, брендтер мен серіктестердің стендтері, интерактивті ойын алаңдары шоғырланады.
Фестивальдің ең тартысты бөлігі — халықаралық косплей байқауы болмақ. Биыл бұл сайыстың жүлде қоры 20 миллион теңгені құрап отыр, бұл — Орталық Азия өңіріндегі рекордтық көрсеткіш.
Comic Con Astana билеттері қазірдің өзінде шараның ресми сайтында (comicconastana.kz) және Яндекс Афиша платформасында сатылымға шықты.
