Қазақстан делегациясы Әзербайжанның Баку қаласында өткен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) Жастар кеңесінің IX отырысына қатысты. Биылғы жиынның негізгі тақырыбы жастардың қалалардың тұрақты дамуына қосатын үлесіне арналды деп хабарлайды SteppeNews.kz, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.
Отырыс барысында делегация басшылары баяндама жасап, Жастар кеңесінің ұсынымдарын ортаға салды. Сонымен қатар, қатысушылар пікірсайыс шеберлігін жетілдіруге бағытталған білім беру сессияларына қатысты.

Жиынның келесі күні жасанды интеллект, білім беру және жас буынның келешегіне арналған халықаралық пікірсайыс турнирі ұйымдастырылды. Қазақстандық жастар халықаралық додада жоғары нәтиже көрсетіп, екі жүлделі орынға ие болды.
АӨСШК Жастар кеңесінің IX отырысымен қатар WRCC Open Category халықаралық робототехника байқауы да өтті. Байқау барысында жас өнертапқыштар өздерінің инновациялық жобаларын таныстырды. Ұсынылған бастамалар ауыл шаруашылығын дамытуға, қауіпсіздік технологияларын жетілдіруге, сондай-ақ Каспий теңізіндегі су деңгейінің төмендеуіне байланысты өзекті мәселелерді шешуге бағытталды.
