Қара шатқал — Алматы облысы Кеген ауданында орналасқан табиғи ескерткіш. Шатқал Алматы қаласынан шамамен 195 шақырым қашықтықта жатыр. Қара шатқалдың табиғатына келсек, онда биіктігі 150-300 метрге дейін жететін ерекше пішінді қызыл құмды жарлар бар. Олар табиғаттың тылсым сырын ішіне бүккен Шарын каньонындағы аңғарлар мен қамалдарға ұқсас келген. Қазір туристік аймақта шатқал үстінен өтетін аспалы көпір жобасы жүргізіліп жатыр. Аталған жоба халық игілігіне пайдалануға қашан беріледі? Құрылыс қарқыны жайлы жобаны қаржыландырушы компания «ASK Capital» ЖШС-нің өкілін сұқбатқа тарттық. Компания инженері, аспалы көпір жобасының менеджері Тағаев Манап Бегалыұлы SteppeNews.kz редакциясының сауалдарына жауап берді.

— Алғашқы сауал, Қара шатқал үстіне салынып жатқан шыны көпірдің құрылыс қарқыны туралы айта кетсеңіз?
— Қазір жоба қарқынды жүріп жатыр. Жер қазылып, көпір салу үшін оның іргетасы толық аяқталды. Құрылыс болашақ шыны көпір, туристік павильон және автотұрақ аумағында жүріп жатыр. Келесі кезеңде негізгі шыны аспалы көпір, туристік павильон және қосымша құрылыс жүргізуге арналған қызметтік көпірді салу жоспарланған. Кейін бұл нысан жеке экстремалды туристік аттракцион ретінде де қолданылуы мүмкін. Жоба техникалық тұрғыдан тым күрделі. Сол себепті басты назар құрылыс қарқынына ғана емес, жобалау сапасына, инженерлік шешімдерге және рұқсат беру рәсімдеріне, қауіпсіздікке, логистикаға және мамандандырылған мердігер ұйымды тартуға аударылады.
— Осы жоба туралы айтылғанда көпір құрылысы 2026 жылдың төртінші тоқсанында аяқталатыны айтылған еді. Құрылыс уәделі мерзімде біте ме?
— Иә, құрылыстың аяқталу мерзімі осы жылдың төртінші тоқсаны деп белгіленіп отыр. Жобаға деген қоғамның қызығушылығы артып отыр. Сондықтан құрылыс мерзімдерін сақтаудың маңыздылығын етене түсінеміз. Дегенмен каньон үстіндегі күрделі инженерлік құрылыс болғандықтан, жобаның жүзеге асуы тиісті рұқсат рәсімдерінің уақытылы аяқталуына, келісімдердің алынуына және мамандандырылған мердігер ұйымды тартуға тікелей байланысты. Мақсатымыз – жобаны белгіленген мерзімде аяқтау, бірақ басты назар – қауіпсіздікке, құрылыс сапасы және барлық құрылымның техникалық талапқа сәйкес келуінде.
— Көпір құны алғашқы есеп бойынша 1,5 миллиард теңге деп едіңіздер. Осы аталған қаржы жете ме, әлде тағы қосымша қаржы көздері тартыла ма?
— Жобаның алдын ала инвестиция көлемі – 1,5 млрд теңгеге тең. Қаржыландыру «ASK Capital» ЖШС-нің жеке инвестициялары есебінен жүзеге асырылады. Мемлекеттік бюджеттен көпір мен қосымша нысандар құрылысына қаражат қарастырылмаған. Қазір бұл сома жобаның базалық бағасы болып тұр. Инвестицияның толық көлемі жобалық шешімдер аяқталғаннан кейін, құрылыс-монтаждаудың, жабдықтардың, логистиканың және туристік инфрақұрылымның құны анықталған соң нақтыланады. Қажет болған жағдайда қосымша шығындар да жеке инвестициялық көздер есебінен жабылады.
— Мұндай ауқымды жоба туристер тартумен ғана емес, жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтитын болар? Жоспар бойынша болашақта неше адам жұмыс істейді?
— Иә, жоба туристерді тартуға ғана емес, жергілікті тұрғындарға жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталғаны рас. Құрылыс кезеңінде 110 адамға дейін жұмысқа тарту жоспарланған. Нысан пайдалануға берілгеннен кейін 58 тұрақты жұмыс орны ашылады. Мәселен, әкімшілік персонал, техникалық мамандар, эксплуатация қызметінің қызметкерлері, кассирлер, туристік павильонді, кафені, қауіпсіздікті, тазалықты және аумақты күтіп-ұстау қызметкерлері сынды жұмыс орындары. Тікелей жұмыс орындарынан бөлек, жоба жергілікті шағын және орта бизнеске – көлік, қоғамдық тамақтану, орналастыру, экскурсиялық қызметтер мен саудаға қосымша экономикалық серпін болады.
— Аспалы көпір құрылысы толық аяқталған соң, Шарынға жылына неше турист келеді деп болжап отырсыздар?
— Нысан пайдалануға берілгеннен кейін туристік ағын шамамен 30% артуы мүмкін. Инвестордың алдын ала есебі сондай. Қара шатқал Алматы облысының сұранысқа ие туристік бағыттарының бірі – Көлсай көлдері, Қайыңды көл және Шарын каньонына апаратын маршрутта орналасқан. Сондықтан шыны көпір осы бағыттағы туристер үшін қосымша тартымды нысанға айналу ықтималдығы жоғары. Алматы облысындағы туризмнің қазіргі өсім динамикасын және өңірдің табиғи көрікті жерлеріне қызығушылықты ескерсек, нысан пайдалануға берілгеннен кейін, Қара шатқал мен Шарын бағытына жылына шамамен 300–350 мың адам келуі әбден мүмкін. Бұл – маусымға, көлік қолжетімділігіне, қызмет сапасына және маршрутты ілгерілетуге байланысты алдын ала болжам. Нысанның жобалық қуаты тәулігіне 2500 келушіге дейін есептелген.
Жалпы, дәл осындай шыны көпір әлемде неше жерде бар, осы туралы ақпарат бере аласыз ба?
— Шыны аспалы көпірлердің нақты ресми әлемдік тізімі жоқ. Сондықтан нақты санды атай алмаймыз. Дегенмен, халықаралық тәжірибеге сәйкес, шыны көпірлер, көру алаңдары және туристік өткелдер әртүрлі елде кеңінен қолданылады. Бұл бағытта ең көп тәжірибе Қытайда жинақталған. Онда мұндай нысандар туристік инфрақұрылымның жеке бағытына айналған. Ашық деректерге сәйкес, тек Қытайдың өзінде жүздеген, тіпті мыңдаған осындай туристік нысандар бар. Солардың ішіндегі ең танымал нысандарға Қытайдағы Чжанцзяцзе ұлттық саябағындағы шыны көпір (Zhangjiajie Glass Bridge), Вьетнамдағы Bach Long көпірі, сондай-ақ Грузия, Үндістан, АҚШ және басқа елдердегі ұқсас нысандар жатады. Әрбір осындай нысанның ұзындығы, биіктігі, құрылымы, төсем түрі және табиғи жағдайлары бойынша ерекшеленеді. Қара шатқалдағы біздің жоба жергілікті бедерді, жел жүктемесін, сейсмикалық жағдайды және Алматы облысының туристік әлеуетін ескере отырып әзірленіп жатыр. Қазақстан үшін бұл жоба Шарын каньоны, Көлсай көлдері және Қайыңды көлі сынды жаңа туристік тартымды, көрнекті нысандардың бірі болмақ.
— Аспалы көпір қаншалықты қауіпсіз? Көпірдің эксплуатация мерзімі қанша жыл? Оны күтіп-ұстау, техникалық жөндеу, детальдарын ауыстыру сияқты қызметтерді кім көрсетеді? Неге Қытайдың технологиясы таңдалды?
— Қауіпсіздік – жобаның басты басымдығы. Шыны аспалы көпірді саларда көптеген фактор ескеріледі. Көтергіш конструкциялардан бастап, жел жүктемелері, өңірдің сейсмикасы және туристік ағынның өсу факторы есепке алынады. Құрылымда көтергіш болат тростар, металл элементтер, анкерлік құрылыстар және көпқабатты триплекс шыны төсем қолданылады. Бірнеше қабаттан тұратын шыны арнайы полимерлі қабаттармен біріктірілген. Бір қабат зақымданған жағдайда да шыны шашырап кетпей, көпқабатты құрылымның арқасында тұтастығын сақтайды. Мұндай нысандардың қызмет ету мерзімі тиісті күтім жасалған жағдайда ондаған жылдарға жетеді. Жеке элементтер – шыны панельдер, бекіткіштер, төсем, қорғаныш элементтері, металл бөлшектер – тұрақты тексерілуге, техникалық қызмет көрсетуге және қажет болған жағдайда ауыстыруға жатады. Нысан пайдалануға берілгеннен кейін техникалық қызмет көрсету және пайдалану қызметі ұйымдастырылады. Ол қызмет күнделікті визуалды бақылауға, жоспарлы техникалық тексерістерге, шыны төсемді күтіп-ұстауға, бекіткіш элементтерді тексеруге, келушілер санын шектеуге және қауіпсіздік ережелерін сақтауға жауап береді. Қытайлық технологияны таңдау себебі – Қытайда шыны аспалы көпірлер мен туристік нысандарды таулы және каньондық жерлерде салу тәжірибесі мол. Ондағы нысандар көп жылдан бері үлкен туристік ағынға қарамай, еш ақаусыз, халық игілігіне жарап келеді. Бізге осындай қауіпсіз инженерлік құрылыстарды салумен айналысатын мердігер компаниялардың тәжірибесін қолдану маңызды. Сонымен қатар, жоба Қазақстанның заңнамасы, жергілікті қауіпсіздік нормалары және Қара шатқалдағы нақты жағдайлар ескеріле отырып жүзеге асырылады.
— Сұқбатыңызға көп рақмет! Игі бастаманың берекесін берсін дейміз! Еліміздің көрікті жерлерін әлемге танытатын жобалар көп болғай деп тілейміз!

Мақала авторы: Набира Алманова
