Елордада өтіп жатқан таеквондодан халықаралық Kazakhstan Open турнирінің алғашқы күні Қазақстан құрамасы 13 медаль жеңіп алды. Бұл туралы SteppeNews.kz ақпарат агенттігі Қазақстан таеквондо (WT) федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Елорда төрінде таеквондодан өтіп жатырған дәрежелі Kazakhstan Open халықаралық рейтингтік турнирінің алғашқы жарыс күні отандық спортшылар үшін табысты басталды. Қазақстан таеквондо федерациясының мәліметіне сүйенсек, ұлттық құрама спортшылары алғашқы кезең қорытындысы бойынша 3 алтын, 3 күміс және 7 қола медаль иеленіп, ересектер арасындағы жалпыкомандалық есепте екінші орынға табан тіреді.

Жарыстың алғашқы күні Самирхон Абабакиров, Батырхан Төлеуғали және Бейбарыс Қаблан өз салмақ дәрежелерінде қарсылас шақ келтірмей, турнир жеңімпазы атанды. Ал Жавохирхон Исламов, Нұрай Бауыржанова және Нодира Ахмедова күміс жүлдеге қол жеткізсе, тағы жеті отандасымыз, атап айтқанда Баходир Шапулатов, Мерген Ганиев, Нұрқанат Қожахмет, Рита Бакишева, Аружан Әбдіқадыр, Тоғжан Қазнабек пен Айша Әділбекқызы қола жүлдені қанағат тұтты.

Командалық есепте 5 алтын жүлде алған Түркия құрамасы көш бастаса, үздік үштікті 2 алтынмен Өзбекстан таеквондошылары түйіндеді. Дүниежүзілік таеквондо ұйымының ресми күнтізбесіне енген бұл G-1 санатындағы бәсеке Астанада жалғасып жатыр және алдағы күндері жарыс жолына жасөспірімдер мен жастар шығады.
