Түркістан облысында ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бойынша ауқымды жұмыстар жоспарланып отыр. Бұл бағытта қытайлық инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде, ал олардың басты мақсаты — өңірде жаңа жұмыс орындарын ашып, шағын және орта бизнестің дамуына тың серпін беру деп хабарлайды SteppeNews.kz, Turkestan Times-қа сілтеме беріп.
Қарастырылып жатқан жобалардың ең негізгісі — Орталық Азиядағы ең ірі «Мұхит әлемі» туристік кешені. Жоба аясында келушілерге мынадай мүмкіндіктер ұсынылмақ:
-Ақ киттер павильоны.
-IMAX кинотеатры.
-Океанариум мен полярлық жануарлар аймағы.
-Ойын-сауық саябақтары мен балалар орталықтары.

Сонымен қатар, Қытайдың «Qingdao Wanlin» компаниясы аумағы 12 гектардан асатын алып аквапарк салуды ұсынып отыр. Жыл бойы жұмыс істеуге бейімделген бұл кешенде су аттракциондары, кемпинг-қонақүй, банкет залы және отбасылық демалыс орындары бой көтермек.
Инвестициялық бастамалар тек туризм саласымен шектелмейді. Тараптар логистикалық орталықтар, автожол құрылысы, энергетикалық жобалар және өнеркәсіптік өндіріс салаларында да келіссөздер жүргізді.
