Өркениеттер арасындағы диалогтың халықаралық күніне орай Астанада E-LIGHT 2026 халықаралық жастар мәдени фестивалі өтті. Энергетика, технология, мәдениет және жастар ынтымақтастығын тоғыстырған ауқымды іс-шарада Қазақстан мен Қытай арасындағы серіктестікті дамыту, цифрлық трансформация және жас буынның рөлі талқыланды, деп хабарлайды SteppeNews.kz.
Фестивальді CNPC Central Asia Ltd. компаниясы Қазақстандағы Қытай елшілігінің қолдауымен ұйымдастырды. Іс-шара барысында технологиялардың дамуы мен цифрландыру кезеңінде жастардың халықаралық ынтымақтастықты дамытудағы рөлі сөз болды.

Форумның ашылуында CNPC Central Asia Ltd. президенті Ли Шуфэн Қазақстан мен Қытай халықтары арасындағы тарихи достық жаңа бірлескен жобалар мен бастамалардың берік негізі екенін атап өтті.
«Бүгінгі іс-шараның барлық сессиялары жастар буынына, жаңа өзара серіктестік пен жаңа диалогтарға бағытталған. Энергетика саласындағы инновациялар арқылы біз “Бір белдеу – бір жол” бастамасы аясында цифрлық ынтымақтастықты қалай дамытуға болатынын талқылаймыз. Біздің компания бұл форум екі ел жастары арасындағы байланысты нығайтып, жаңа бастамаларға жол ашады деп сенеді», – деді ол.
Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы елшілігінің кеңесші-уәкілі Чэн Кэфань жастар ынтымақтастығы мен гуманитарлық байланыстардың маңыздылығына тоқталды.
«Қытай мен Қазақстан арасындағы серіктестіктің болашағы зор. Алдағы онжылдықтарда бұл ынтымақтастықтың бағытын бүгінгі жастар айқындайды. Сондықтан олардың өзара қарым-қатынас орнатып, бір-бірінен жаңа дүние үйренуіне және мәдени байланыстарды дамытуына мүмкіндік жасау аса маңызды», – деді дипломат.

Дипломат мұндай алаңдар халықтар арасындағы өзара түсіністік пен сенімді нығайтып, білім беру, ғылым, энергетика және жоғары технологиялар салаларындағы бірлескен жобалардың жүзеге асуына негіз болатынын айтты.
E-LIGHT тұжырымдамасы энергияны даму, шығармашылық және серіктестік көзі ретінде қарастыру идеясына негізделген. Ұйымдастырушылардың пайымынша, қазіргі энергетикалық Жібек жолы тек инфрақұрылымдық және өндірістік жобалармен шектелмейді. Ол мәдени алмасу, білім беру, ғылыми ынтымақтастық және жастар бастамаларының да маңызды алаңы болып табылады.
«Энергетиканың болашағын тек жобалар тілімен талқылау жеткіліксіз. Оны сенім, мәдениет, өзара құрмет және ортақ жауапкершілік тілімен де талқылау қажет», – деп атап өтілді фестивальдің ашылуында.
Іс-шараның басты алаңдарының бірі «Жібек жолының энергетикалық іздері» көрмесі болды. Мұнда Орталық Азия елдері мен Қытайдың сәулеттік нысандары, энергетикалық инфрақұрылым объектілері және заманауи технологиялық шешімдерді біріктірген ауқымды авторлық макет ұсынылды.

Экспозиция өңірдегі ынтымақтастық тарихын көрнекі бейнелер арқылы таныстырды. Макетте Қазақстан – Қытай мұнай құбырының бағыты, өндірістік нысандар, жел электр станциялары, инновациялық технологиялар және энергетикалық серіктестіктің негізгі кезеңдері көрсетілді. Көрме энергетика тарихы арқылы экономикалық байланыстардың қалыптасуы мен жаңа мүмкіндіктердің пайда болуын баяндады.

Фестиваль бағдарламасының маңызды бөлігі мәдени іс-шараларға арналды. Оған дайындық E-LIGHT басталмай тұрып қолға алынған. Астана мен Алматы қалаларында жастардың қатысуымен флешмобтар ұйымдастырылып, фестиваль идеяларын насихаттайтын арнайы бейнеролик түсірілген.
Концерттік бағдарламада дәстүр мен заманауилық үндестік тапты. Қазақтың домбырасы мен қытайдың пипа аспабының әуені үйлесіп, музыкалық және би қойылымдары Жібек жолы халықтарының мәдени мұрасы XXI ғасырда жаңа сипатқа ие бола алатынын көрсетті.

Бұл тақырып жасанды интеллект қарқынды дамып жатқан кезеңде ерекше өзектілікке ие болды. Форум қатысушылары технологиялардың жаңа мүмкіндіктер ашатынын мойындай отырып, адам шығармашылығы, мәдени жады және ұлттық болмыс болашақтың маңызды құрамдас бөлігі болып қала беретінін атап өтті.

Фестивальдің іскерлік бағдарламасы «Бір белдеу – бір жол» бастамасын дамытуға, жаңа буын мамандарын даярлауға, цифрлық технологияларды енгізуге, ғылыми-техникалық инновацияларға және өңіраралық ынтымақтастықты нығайтуға арналды. Сондай-ақ технологиялық прогресс пен мәдени құндылықтарды сақтау арасындағы тепе-теңдік мәселесі талқыланды.
E-LIGHT 2026 қазіргі Жібек жолының мәні тек көлік дәліздерімен, энергетикалық жобалармен немесе инвестициялармен шектелмейтінін көрсетті. Бүгінде білім, мәдени алмасу, ғылым және жастардың бастамалары өңірдің болашағын айқындайтын маңызды факторларға айналып отыр.
