Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықты Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтады. Мемлекет басшысы Астанадағы «Атамекен» этномемориалдық кешенінде Мемлекеттік Туды көтеру рәсіміне қатысты, — деп хабарлайды SteppeNews.kz BAQ.kz-ке сілтеме жасап. Салтанатты шара барысында Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституцияның 1 шілдеден бастап күшіне енетінін, тамыз айында Құрылтай сайлауы өтетінін, ал қыркүйекте Қазақстан Халық Кеңесі жасақталатынын мәлімдеді. «Ұлттық рәміздер — ел бірлігі мен тәуелсіздігінің басты белгісі. Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу – отаншылдық рухының ең биік өлшемі», — деді мемлекет басшысы.
4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күні
Қазақстанда Мемлекеттік рәміздер күні жыл сайын аталып өтеді. Бұл күні ел тәуелсіздігінің нышандары Ту, Елтаңба және Әнұранға құрмет көрсетіледі. Онымен қоса, рәміздердің тарихи және рухани маңызы түсіндіріліп, насихатталады. Себебі әр азамат туған елінің мемлекеттік рәміздерін құрметтеуге тиіс. Рәміздер – тәуелсіз Қазақ елінің тарихын, бітім-болмысын айшықтайды. Бүгінде мемлекеттік рәміздерді ел арасында масс-медиа арқылы насихаттау қарқын алды. Мұндай жұмыстар президенттің ұлттық құрылтай отырысында айтқан сөздерінен кейін қолға алынған. Қосымша ақпар, биыл қаңтардың 21-і премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мемлекеттік рәміздерге ерекше құрмет көрсеткендерді қосымша ынталандыру шаралары әзірленетінін жеткізді.
1992 жылы 4 маусымда Қазақстанның Мемлекеттік туы және Елтаңбасы бекітілді. Ал еліміздің қазіргі Әнұраны 2006 жылы 7 қаңтарда қабылданды.
