SteppeNews.kz: Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестік бүгінде жаңа деңгейге көтерілді. Бұл ынтымақтастықтың ең жарқын көрінісі — білім мен ғылым саласындағы қарқынды байланыс. Ресми мәліметтерге сүйенсек, қазіргі таңда Қытайда 14 мыңнан астам қазақстандық студент білім алып жатыр. Оның ішінде 1300-ден астамы екі ел арасындағы келісімшарттар негізінде мемлекеттік грант иегерлері атанған. Біздің жастарымыз негізінен Бейжің, Шанхай, Сиань, Гуанчжоу және Ухан сияқты ірі мегаполистердің жетекші университеттерінде оқуды құп көреді.
Осы орайда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Бақыт Манатқызы Айтбаевамен Қытайдағы қазақстандық студенттердің қазіргі бағыт-бағдары жайлы әңгімелескен едік.
Мамандық таңдаудағы бетбұрыс: Гуманитарлық саладан IT-ге
Профессор Бақыт Манатқызының айтуынша, қазақстандық студенттердің Қытайдағы мамандық таңдау тренді түбегейлі өзгерген. Егер бұрын тіл үйрену басым болса, қазір жастар технологиялық салаға ұмтылуда.
«Қазақстандық жастардың Қытайда білім алу бағыты өзгеріп отыр. Бұрын қытай тілі мен гуманитарлық мамандықтар басымдыққа ие болса, қазір студенттер IT, жасанды интеллект, робототехника, инженерия және цифрлық технологиялар салаларына көбірек көңіл бөлуде. Бұл Қытайдың әлемдік технологиялық орталықтардың біріне айналуымен тікелей байланысты», — дейді сарапшы.
Өндіріспен ұштасқан білім
Қытай университеттерінің басты артықшылығы — теория мен практиканың ажырамастығында. Оқу орындарының ірі корпорациялармен тығыз байланысы студенттерге оқу үстелінен бірден өндіріс алаңына өтуге мүмкіндік береді.
«Қытай университеттерінің маңызды ерекшелігі — олардың қуатты технологиялық инфрақұрылымы мен өндірістік тәжірибеге басымдық беруі. Көптеген оқу орындары ірі технологиялық корпорациялармен бірлесе жұмыс істейді. Соның нәтижесінде студенттер инновациялық зертханаларда жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болады. Бұл олардың халықаралық еңбек нарығына бейімделуіне көмектеседі», — деп атап өтті Бақыт Манатқызы.
Еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілік
Қытайда білім алып келген маманның бүгінгі нарықтағы орны бөлек. Әсіресе, екі ел арасындағы логистикалық және сауда байланыстарының артуы мұндай мамандарға деген сұранысты еселей түсті.
«Қытайда алынған диплом қазіргі еңбек нарығында жоғары бағаланады. Әсіресе халықаралық сауда, логистика, энергетика, IT және қытайлық компаниялармен байланысы бар салаларда мұндай мамандарға сұраныс жоғары. Жастардың тіл меңгеруі, цифрлық ортаға бейімділігі және халықаралық тәжірибесі олардың бәсекеге қабілеттілігін арттырады», — дейді филология ғылымдарының кандидаты.
Цифрлық экожүйе және жаңа дүниетаным
Білім алу тек дипломмен шектелмейді. Қытайдың озық цифрлық ортасы қазақстандық жастардың ойлау жүйесін де өзгертіп жатқан көрінеді.
«Жасанды интеллект, смарт-технологиялар және цифрлық сервистердің кең таралуы студенттердің инновациялық ойлауын қалыптастырып, ақпаратпен жұмыс істеу мәдениетін өзгертті. Мұндай орта жастардың жаһандық өзгерістерге бейімделуіне, технологиялық сауаттылығының артуына мүмкіндік береді», — деп түйіндеді Бақыт Манатқызы.
Қорыта айтқанда, Қытайда білім алып жатқан мыңдаған қазақстандық студент — ертеңгі күннің жоғары технологиялық мамандары. Олар алған білім мен тәжірибе Қазақстанның цифрлық болашағын құруға қосылатын үлкен инвестиция болмақ.
