SteppeNews.kz: 21 мамырдан бастап Қазақстан кинотеатрларында «Бабай» отбасылық комедиясы көрерменге жол тартты. Фильмде әке мен қыздың қарым-қатынасын әзілмен, жылылық және жеңіл мистикалық реңк арқылы баяндайды. Фильмдегі негізгі рөлдердің бірін семейлік жас актриса Жанель Серікбол сомдады.
Жанель үшін бұл — толықметражды фильмдегі алғашқы басты рөлі. Бұған дейін ол көрерменге «Балапан» телеарнасының жүргізушісі ретінде таныс болған. Ал «Бабай» оның үлкен киноға жасаған алғашқы қадамына айналды.
Басты кейіпкер рөліне Қазақстанның түкпір-түкпірінен мыңнан астам қыз қатысқан. Алайда кастингтен сәтті өтіп, рөлге Жанель бекітілді. Жоба авторларының айтуынша, олар түсірілім тәжірибесі бар баланы емес, эмоцияны шынайы жеткізе алатын табиғи образ іздеген. Бұл талапқа Жанель толық сай келген.
Фильм 7 жастағы Камила есімді қыздың оқиғасын баяндайды. Анасынан айырылғаннан кейін ол мерекелерге сенуден қалады. Бірақ туған күнінде олардың үйіне күтпеген жерден елес кейпіндегі аниматор Асхат келіп қалады. Қыз оны «Бабай» деп атап, осы сәттен бастап әрқайсысына ғажайыпқа, отбасыға және бір-біріне жақын болудың қадірін қайта сезінуге көмектесетін оқиға басталады.
Картинаның негізгі эмоциялық желісі Жанель сомдаған кейіпкер арқылы ашылады. Оның образы — ғажайыпқа шын сенетін, айналасындағы оқиғаларды бала көңілмен қабылдайтын әрі ересектердің сезімін байланыстыратын кейіпкер.
Фильм авторлары «Бабай» ең алдымен отбасы, сенім және ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынастың маңызы туралы туынды екенін айтады.
Фильмдегі басты рөлдердің бірін актер Азамат Сатыбалды орындады. Бұл жоба актер үшін де ерекше болған. Өйткені ол шығармашылық жолында алғаш рет балаларға арналған фильмге түскен.
Комедияның тұсаукесері де ерекше атмосферада өтті. Жанельдің әжесі қазақтың дәстүрімен шашу шашып, атасы жас актриса мен түсірілім тобына ақ батасын берді. Жоба авторлары бұл сәтті отбасы құндылығы мен үлкендердің қолдауын еске салатын әсерлі көрініс ретінде бағалады.
«Бабай» — қиын кезеңдерде де адамдардың бір-біріне жол таба алатынын баяндайтын отбасылық комедия. Картинада жеңіл әзілмен қатар сенім, жалғыздық және ата-ана мен бала арасындағы байланыс тақырыптары көрініс тапқан.
