SteppeNews.kz: Қазақстанда бақбақ жұлғаны үшін 13 млн теңге айыппұл салынады деген ақпарат қоғамда үлкен талқылау тудырды. Алайда бұл шектеу тек өсімдіктің бір түріне ғана қатысты.
Елімізде бақбақтың сирек кездесетін түрін жойғаны үшін 13 млн теңгеге жуық айыппұл арқалау мүмкін. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шәрбиев мәлімдеді деп хабарлайды SteppeNews.kz informburo.kz сілтеме беріп.
Оның түсіндіруінше, заң бойынша қатаң жаза тек Қызыл кітапқа енген сирек кездесетін көк-сағыз бақбағын жойғандарға қолданылады. Бұл тыйым өзге бақбақ түрлеріне жүрмейді, тек осы бір ерекше өсімдікті қорғауға бағытталған.
Аталған өсімдікті жойғаны үшін 3000 айлық есептік көрсеткіш (2026 жылы бұл 12 975 000 теңгеге тең) көлемінде айыппұл қарастырылған.
«Бұл — жойылып кету алдында тұрған сирек кездесетін өсімдік, сондықтан осындай қомақты айыппұлдар белгіленген. Сирек және жоғалып бара жатқан түрлерді сақтап қалу мақсатында 2019 жылы депутаттардың бастамасымен жаза көлемі 10 есеге арттырылды», — деді Шәрбиев үкіметте өткен брифингте.
Вице-министрдің нақтылауынша, көк-сағыз негізінен еліміздің оңтүстік өңірлерінде өседі.
