SteppeNews.kz: Ташкентте Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанның су және энергетика ведомстволарының өкілдері хаттамаға қол қойды. Құжат алдағы екі айда Тоқтоғұл су қоймасынан жіберілетін судың көлемі мен режимін айқындайды.
Келіссөздерде Қазақстан тарапынан министрлер Ерлан Ақкенженов пен Нұржан Нұржігітов болды. Кездесудің басты тақырыбы — егістік жұмыстары кезінде еліміздің оңтүстік өңірлерін сумен қамтамасыз ету.
ҚР Энергетика министрлігінің хабарлауынша, бекітілген кестелер Қазақстан мен Өзбекстан аграрларына суармалы су маусымын іркіліссіз бастауға мүмкіндік береді. Келіссөздердің келесі кезеңі маусым айында Бішкекте өтеді. Онда тараптар шілде, тамыз және қыркүйек айларындағы су көлемін талқылайды.
Сондай-ақ ведомство 2025 жылдың қыркүйегі мен 2026 жылдың сәуірі аралығында Қазақстан Қырғызстанның энергия жүйесіне 1560 млн кВт·сағ астам электр энергиясын жеткізгенін еске салды. Бұл шара Тоқтоғұл су қоймасындағы суды жазғы ауыл шаруашылығы қажеттіліктері үшін сақтап қалуға септігін тигізді.
