SteppeNews.kz: 61-ші халықаралық Венеция биенналесінде Қазақстан Республикасының ұлттық павильоны ресми түрде жұмысын бастады. Биыл еліміз заманауи өнер тілімен тарих қабаттары мен мәдени сабақтастықты зерделейтін «Qoñyr: Тыныштық архиві» атты бірегей көрме жобасын әлем назарына ұсынды.
Италияның тарихи Museo Storico Navale мұражайында орналасқан қазақстандық экспозиция бес бірдей залды қамтып, келушілерді дыбыс, кеңістік және визуалды образдар үйлесіміне негізделген ерекше саяхатқа жетелейді. Көрменің ашылу салтанатына ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов, Қазақстанның Италиядағы Елшісі Ерболат Сембаев және Венеция биенналесінің президенті Пьетранджело Буттафуоко қатысты. Бұл жолғы қатысудың басты ерекшелігі — куратор мен суретшілердің тұңғыш рет ашық конкурс арқылы іріктелуі. Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен және «Самұрық-Қазына» АҚ серіктестігімен жүзеге асқан жоба қазақ өнерінің жаһандық деңгейдегі маңызын айшықтай түсті.

Жобаның кураторы Сырлыбек Бекбота бұл көрмені композитор Әбікен Хасеновтің атақты «Қоңыр» күйінен шабыт алып дайындаған. Экспозиция биенналенің биылғы In Minor Keys атты негізгі тақырыбымен үндесіп, «қоңыр» ұғымын жай ғана түс емес, ұлттық жадының, ішкі тебіреніс пен мәдени тәжірибенің метафорасы ретінде ашады. Көрме кеңістігіндегі Смайыл Баялиев бастаған топтың Steppe Architectonics инсталляциясы алып жылқы мүсіндері мен тұяқ дүбірі арқылы дала ландшафтын тірілтсе, Анар Әубәкірдің жұмысы ескі көрпенің ішкі қабатын ұрпақтар сабақтастығының үнсіз архивіне айналдырады.

Венеция биенналесінің президенті Пьетранджело Буттафуоко қазақстандық суретшілердің еңбегіне жоғары баға беріп, былай деді:
«Қазақстан өнері де Қазақстанның өзі секілді төл тарихы мен мәдени болмысына арқа сүйей отырып, болашаққа ұмтылады және қазіргі заманғы көркемдік бағыттарды табиғи түрде бейнелейді. Мені әсіресе жады тақырыбымен байланысы қызықтырды. Өнердің өзінің бірегей көркемдік үнін сақтай отырып, белгілі бір деңгейде архивке айнала алуы айрықша әсер қалдырды».

Экспозициялық бағыт Ардақ Мұқанованың Qoñyr Äulie: Immersion into the Quiet Depths атты цифрлық туындысымен түйінделіп, келушілерді киелі кеңістікке бойлатады. Сонымен қатар Мансұр Смағамбетов, Оралбек Қабөке және Нұрбол Нұрахметтің инсталляциялары күнделікті өмірдегі жадының сақталу жолдарын шебер көрсетеді. Әлемдік деңгейдегі бұл көрме 2026 жылдың 22 қарашасына дейін жалғасып, Қазақстанның мәдени мұрасын заманауи нақышта танытуды жалғастыра бермек.
