SteppeNews.kz: Елордада сауда үйлерінің бірінің жанында медицина қызметкеріне шабуыл жасаған ер адамға қатысты сот үкімі шықты. Сот шешімімен құқық бұзушы 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.
Оқиға биылғы 13 наурызда болған. Мас күйіндегі ер адам жедел жәрдем қызметкерлерінің жұмысына көңілі толмай, фельдшерге күш қолданған. Медицина маманы ауыр жарақат алмағанымен, физикалық ауырсынуды бастан кешкен.
Сот отырысында айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, темір торға тоғытпауды сұрады. Алайда сот оның бұған дейін де қоғамдық тәртіпті бұзып, көшеде спирттік ішімдік ішкені үшін жауапқа тартылғанын ескерді. Қылмыстың мас күйінде жасалуы жазаны ауырлататын жағдай ретінде танылды.
Нәтижесінде сотталушы 1,5 жылға бас бостандығынан айырылып, жазасын қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде (қоныс колониясы) өтейтін болды. Қазіргі уақытта үкім заңды күшіне енген жоқ, тараптардың шешімді шағымдануға құқығы бар.

