SteppeNews.kz: Қазақстанда екінші атом электр станциясын салу туралы шешім қабылданып, оның жұмыс атауы «Мойынқұм» деп бекітілді. Бұл туралы Атом энергиясы жөніндегі агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиев мәлімдеді, деп хабарлайды SteppeNews.kz Tengrinews.kz сілтеме беріп.
Агенттік басшысының айтуынша, жаңа нысанды Балқаш маңында орналастыру жоспарлануда. Қазіргі уақытта мамандар аталған аймақтағы үш ықтимал алаңды зерттеп жатыр. Зерттеу жұмыстары аяқталған соң, станцияның нақты қай жерде бой көтеретіні ресми түрде жарияланбақ.
«Екінші станция бойынша шешім қабылданып қойған. Ол да Балқашта орналасады. Қазір үш алаң зерттеліп жатыр. Қарастыру қорытындысы бойынша нақты орналасатын жерін міндетті түрде хабарлаймыз», — деді Алмасадам Сәтқалиев Ақорда кулуарында.
«Мойынқұм» АЭС-і әрқайсысының қуаты 1200 мегаватты құрайтын екі энергия блогынан тұрады деп күтілуде. Қазіргі уақытта технология жеткізушісін таңдау бойынша әлеуетті халықаралық серіктестермен келіссөздер жүргізілуде. Соның ішінде қытайлық «China National Nuclear Corporation» компаниясы негізгі үміткерлердің бірі ретінде қарастырылуда.

