Steppenews.kz: Ордос қаласында өтіп жатқан дзюдодан Азия чемпионатында отандасымыз Әділет Алмат алтын медаль иеленді. Бұл – Қазақстан құрамасы үшін соңғы төрт жылдағы құрлықтық біріншілікте алған алғашқы «алтын».
81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдескен спортшымыз финалда 2024 жылғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, Тәжікстан өкілі Сомон Махмадбековпен кездесті. Тартысты өткен бәсекеде Әділет Алмат қарсыласына ауырту әдісін сәтті қолданып, таза жеңіске жетті.
Әділет үшін бұл – ересектер арасындағы Азия чемпионатындағы алғашқы жеңісі. Ол бұған дейін, 2023 жылы жастар арасында құрлық чемпионы атанған болатын. Финалға дейінгі жолда қазақстандық дзюдошы Қырғызстан мен Тәжікстан өкілдерін, сондай-ақ ұлттық құрамадағы өз әріптесін жеңіп, сенімді өнер көрсетті.
Айта кетерлігі, осы салмақта тағы бір отандасымыз Абылайхан Жұбаназар жүлдегерлер қатарынан көрінді. Ол жұбаныш белдесуінде Гаджимурад Омаровтан басым түсіп, қола медальды қанағат тұтты. Осылайша, 81 келі салмақта қос бірдей қазақстандық спортшы тұғырға көтеріліп, отандық дзюдо мектебінің жоғары деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеді.

