SteppeNews.kz: Қарағанды облысының полицейлері бес жыл бойы халықаралық іздеуде болған 43 жастағы күдіктіні құрықтады. Аса ауыр қылмыс жасады деп айыпталған ер адам осы уақыт бойы жекеменшік үйлердің бірінде арнайы жабдықталған жасырын орында тығылып келген. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі мәлемдеді.
Арнайы операция Қарағанды қаласының аумағында, жекеменшік тұрғын үйлердің бірінде жүргізілді. Тінту барысында полиция қызметкерлері арнайы жабдықталған жасырын орынды анықтап, іздеудегі күдіктінің сол жерде жасырынып жүргенін әшкереледі. Алдын ала деректерге сәйкес, ер адам қала тұрғынын қорқытып, күш қолданып, 117 миллион теңге бопсалауға қатысы бар. Күдікті ұзақ уақыт бойы құқық қорғау органдарынан бой тасалап, жасырынып жүрген, – деді Қарағанды облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Қуаныш Орынбетов.
Қазіргі уақытта ұсталған күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Құқық қорғау органдары оның басқа да қылмыстарға қатыстылығын тексеріп, сотқа дейінгі тергеу амалдарын жалғастырып жатыр.

