SteppeNews.kz: Қазақстанда ТМККК (Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі) бағдарламасы аясында азаматтарға тегін берілуі тиіс дәрі-дәрмектерді заңсыз сату деректері анықталды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Таңбаланған тауарлардың электронды құжат айналымы орталығының мәліметінше, 2024 жылғы 1 шілдеден бастап еліміздің дәріханаларында пациенттерге тегін үлестірілуі тиіс препараттарды сатудың 4 114 жағдайы тіркелген.
Тексеру барысында 74 дәріханаға сараптама жүргізілді. Нәтижесінде 31 ұйым әкімшілік жауапкершілікке тартылып, салынған айыппұлдың жалпы сомасы 12,3 млн теңгені құрады. Тағы 43 дәріхана мекемесіне анықталған заң бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым берілді.
Министрлік нақтылағандай, сөз болып отырған дәрілер — мемлекеттік бағдарлама аясында пациенттерге берілген, бірақ кейін дәріхана желілері арқылы заңсыз сатылған препараттар. Олардың қатарында инфузияға арналған натрий хлориді мен глюкоза ерітінділері, сондай-ақ антибиотиктер мен созылмалы ауруларды емдеуге арналған дәрілер бар.
Ведомство дәрі-дәрмек айналымына бақылау күшейтілетінін және мұндай заң бұзушылықтарға қолданыстағы заңнама аясында қатаң тосқауыл қойылатынын атап өтті.

