SteppeNews.kz: 15 сәуірді «Қозы Көрпеш пен Баян сұлу күні» деп бекер атамаған болу керек. Соңғы жылдары жастарымыздың арасында бұл күннің ғашықтар күні болып тойланып келе жатқаны көңіл қуантады. Бұл мейрам тек кейінгі жылдары ғана кең етек жая бастағанымен, тоқсаныншы жылдардың соңында өз бастауын тапқан. Ал осы күнді ғашықтар күні деп белгілейік деп бастама көтерген Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы Серік Абас-шах есімді ұлт жанашыры болатын.
15 сәуір туралы нақты тарихи деректер жоқ екені рас, бұл туралы ақпарат abai.kz сайтынан алынды. Серік ағамыздың айтуы бойынша, қазақтың да өз ғашықтар мейрамы болғаны дұрыс. Ал сол мейрамды неге ағаштар бүршігін жарып гүл ашқан, мына дүниенің бір жаңарған шағы көктемде тойламасқа? Серік ағамыздың түсіндіруінше, бұл күн нағыз көктем шуағын шашып, күн сәулесі барлық адам баласын нұрымен жылындыра бастайтын шағы, яғни жаңа бастаудың, көктемнің нақ ортасы болған соң осы күнді таңдапты.
Алайда, ол соңғы бір сұхбатында бұл күнді белгілеудің тағы бір сырын ашқан болатын. Ол бұл күні өз Баянының маңдайынан ең алғашқы рет сүйген күні болғандықтан 15 сәуірді белгілеуді ұсынғанын, эгоистік көзқараста болғанын айтып кешірім сұрады. Бірақ қазаққа өз ғашықтарын баян ететін, жүрегіміздің қалауына өз ойымызды, сезімімізді, бойды өртеп жандырған ыстық та пәк махаббатымызды білдіруге болатын күннің пайда болғанына Серік Абас-шахтың көмегі тиді.

