SteppeNews.kz: Ыстанбұл Кент университетінде қазақстандық студенттер бауырсақ дайындаудан байқау өтті. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігі мәлімдеді. Бас консулдықтың мұрындық болуымен өткен сайысқа Ыстанбұл мен Анкарадан бөлек, Анталия, Измир және Бурса қалаларында оқитын студенттер де жиналды.

Екі ел арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуды көздеген бұл жиынға ғылыми-академиялық орта өкілдері, жергілікті БАҚ журналистері және шетелдік студенттер жиналды. Шара меймандары қазақтың басты тағамдарының бірі – бауырсақтың дәмін татып, төл асханамыздың өзге де дәмдерімен және Қазақстанның бай мәдениетімен жақынырақ танысты.
Байқаудың негізгі мақсаты – бауырлас түрік жұртына қазақ асханасын насихаттау және шығармашылық сайыс арқылы студенттер арасында ауызбіршілікті арттыру. Әр команда бауырсақтың дәстүрлі рецепті мен дайындау әдістерін көрсетіп, өзіндік ерекшеліктерін паш етті.
Мерекелік кештің ашылуында Қазақстанның Ыстанбұлдағы Бас консулы Нуриддин Аманқұл мен Ыстанбұл Кент университетінің ректоры Неджметтин Атсу сөз сөйледі. Олар мұндай форматтағы шаралар бауырлас халықтардың өзара түсіністігін бекемдеп, ортақ құндылықтарды дәріптеуде маңызы зор екенін атап өтті.

