STEPPENEWS.KZ: Үрімжі кеденінің дерегіне сәйкес, «14-бесжылдық» кезеңінде Синьцзянның сыртқы сауда айналымы 200 млрд, 300 млрд, 400 млрд және 500 млрд юань межелерінен кезек-кезегімен асып, «төрт бірізді серпілісті» жүзеге асырды. Орташа жылдық өсім қарқыны жоғары деңгейде сақталып, сыртқы сауда «оң динамика» көрсетіп, жедел даму траекториясына шықты.

Логистикалық дәліздердің тиімділігін арттыру
Кедергісіз логистикалық дәліздер – сыртқы сауданы дамытудың негізі. Мемлекет Синьцзянға Еуразиядағы «алтын дәліздің» стратегиялық рөлін және батысқа ашықтықтың алдыңғы шебі мәртебесін айқындап берді. Батысқа ашықтықтың алғы шебінде орналасқан Синьцзян көлік желісін үздіксіз жетілдіріп, кедендік рәсімдеу тиімділігін арттыруда. Соның нәтижесінде өңірдің трансшекаралық логистикалық торап ретіндегі орны тұрақты түрде нығаюда.
Үрімжі кеденінің бас инспекторы Хуан Цюньнің айтуынша, Синьцзян «автокөлік өткізу пункті + рәсімдеу орнында тікелей өту» моделін реформалау арқылы өткізу қабілетін кеңейтіп, автомобильдік шекара бекеттерінің жұмыс тиімділігін арттыруда.
«Бұрын Үрімжідегі халықаралық құрғақ порттан Алашанькоу өткізу пункті арқылы шетелге шығу үшін көліктерге 2–3 күн қажет болатын. Реформадан кейін ең қолайлы жағдайда бұл уақыт небәрі 4 сағатқа дейін қысқарды. Қазір бұл жүйе Синьцзяндағы 13 автокөлік өткізу пунктінде және тиісті рәсімдеу алаңдарында толық енгізілген», – деді ол.

«14-бесжылдық» кезеңінде Синьцзян өткізу пункттері арқылы өтетін импорт-экспорт жүк тасымалыны орташа жылдық өсімі 7,8%-ды құрап, өңірді Қытайдың солтүстік-батысындағы бес провинция мен автономиялық аудан ішінде бірінші орынға шығарды. «Қытай – Еуропа» бағытындағы пойыздардың жартысынан астамы елден дәл осы Синьцзян арқылы шығады. Негізгі автомобиль өткізу пункттері тәулік бойы кедендік рәсімдеуді қамтамасыз етіп отыр. Қазіргі таңда «Үрімжі Тянь-Шань» халықаралық әуежайының жүк тасымалы желісі 37 бағытты, жолаушылар желісі 33 бағытты қамтып, 22 ел мен өңірдегі 36 қаламен байланыс орнатқан.
Дәліздердің тиімділігінің артуы тасымал көлемінің өсуіне тікелей серпін берді. Үрімжі орталық рөл атқарып, әртүрлі өткізу пункттеріне сүйенген солтүстік пен оңтүстікті қамтитын халықаралық логистикалық дәліздер мен кешенді логистикалық тораптардың маңызы айқындала түсті. Бұл сыртқы сауданың сапалы дамуына берік тірек болды.
Өңірлік ерекшелігі бар салалық жүйені жедел қалыптастыру
Егер логистика – қаңқа болса, өнеркәсіп – оның еті мен қаны. Синьцзян сыртқы саудасындағы «төрт бірізді серпіліс» өнеркәсіп құрылымын оңтайландыру және жаңғыртумен тығыз байланысты. Бұрын негізінен энергетикалық ресурстар мен шикізатқа бағытталған экспорттық құрылым қазір жоғары технологиялы әрі қосылған құны жоғары терең өңделген өнімдерге бет бұрып отыр. Синьцзянның экспорттық тауар құрылымы айтарлықтай жаңарып, сапалық тұрғыдан жақсарды.
2025 жылды мысалға алсақ, Синьцзянның машина жасау және электротехникалық өнімдер экспорты 186,5 млрд юаньға жетті. Автокөліктер мен автокомпоненттер экспорты жылдық есепте 16,7%-ға, электр жабдықтары – 22,1%-ға, электрондық бөлшектер – 48,1%-ға өсті. Жаңа өндіргіш күштермен тығыз байланысты жоғары технологиялы жабдық экспорты шамамен 70%-ға артты. «Жасыл» және төмен көміртекті дамуды білдіретін «жаңа үштік» өнімдерінің өсімі 73%-ды құрап, жаңа драйверлердің жетекші рөлі күшейе түсті.
Сонымен қатар Синьцзянның Орталық Азия елдерімен шекаралас автомобиль өткізу пункттерінде ауыл шаруашылығы және қосалқы өнімдерге арналған «жасыл дәліздер» толық қамтылды. Қырғызстанның кептірілген жемістері мен Өзбекстанның қауындары сияқты сапалы әрі қауіпсіз агроөнімдер Қытай нарығына шығарылып, Синьцзян тұрғындары мен бүкіл ел халқының тұтыну қоржыны байытылды.
Синьцзян Сауда департаменті партиялық тобының хатшысы әрі басшысының орынбасары Ли Сюаньның айтуынша, авиациялық техниканы жаһандық жөндеу, аралас кен, сатып алу саудасы секілді сыртқы сауданың жаңа форматтарының қарқынды дамуы сауда құрылымын одан әрі оңтайландырып, өнеркәсіп пен сауданың өзара ықпалдастығын күшейтуде. «Сауда арқылы инвестиция тарту, инвестиция арқылы сауданы ілгерілету» қағидатына негізделген, сыртқы нарыққа бағытталған өңірлік салалар жүйесі жедел қалыптасып келеді.
Іскерлік ортаны оңтайландыру – дамудың жаңа мүмкіндіктері
Қолайлы іскерлік орта – сыртқы сауданың «жеделдеткіші». «14-бесжылдық» кезеңінде Синьцзян «әкімшілік рәсімдерді оңтайландыру, бақылауды күшейту және қызмет сапасын арттыру» реформасын тереңдете отырып, цифрлық құралдар арқылы қызмет көрсету тиімділігін арттырды.
«Синьцзян өткізу пункттері экономикасын дамытуға жәрдемдесу туралы ережені қабылдап, тауар саудасын, қызметтер саудасын және цифрлық сауданың инновациялық дамуын ынталандыратын бірқатар саясатты кезең-кезеңімен енгізді. Нәтижесінде халықаралық іскерлік орта тұрақты түрде жақсарып келеді», – деді Ли Сюань.
Осы кезеңде Синьцзян «халықаралық сауданың бірыңғай терезесі», трансшекаралық электронды коммерция, шекара маңы өзара айырбас саудасы сияқты цифрлық, зияткерлік және қолайлы кешенді қоғамдық сервистік платформаларды құру мен жаңғыртуды жеделдетті. Бұл сыртқы сауданы анағұрлым ыңғайлы әрі тиімді етті.
Үкімет, кеден, шекара қызметі және басқа да ведомстволардың үйлесімді жұмысының арқасында құжаттарды тексеру, тауарды қарау және шығаруға қатысты барлық буындар жүйелі түрде қызмет атқаруда. Синьцзяндағы халықаралық логистикалық компаниялардың бірінің басшысы Ли Цзяцзюнь: «Кедендік рәсімдерді оңтайландыру мен тиімділікті арттыру кәсіпорындардың операциялық шығындарын айтарлықтай азайтты», – деді.
Ли Сюаньнің айтуынша, алдағы уақытта Синьцзян «институционалдық ашықтық» пен «сауда мен инвестицияны ықпалдастыру» атты қос жетекті модельге көшуді жеделдетіп, стратегиялық өкілеттіктерді кеңейту, институционалдық инновациялар, салалық шоғырлану және ортаны оңтайландыру арқылы сыртқы сауданың жоғары сапалы дамуын қамтамасыз етпек. Бұл тұрақты ауқымдық өсімге, нарық субъектілерінің әртараптануына және құрылымның үздіксіз жетілуіне жол ашады.

