STEPPENEWS.KZ: 26 желтоқсанда Үрімші – Лопнұр бағытындағы G0711 жоғары жылдамдықты автомагистралі толық аяқталып, көлік қозғалысына ашылды. Нәтижесінде Үрімші мен Корла қалалары арасындағы жол жүру уақыты бұрынғы 7 сағаттан 3,5 сағатқа дейін қысқарды. Осылайша Тянь-Шаньның солтүстігі мен оңтүстігі «үш сағаттық көлік қолжетімділігі» аймағына бірікті. Бұл өзгеріс өңірдің көлік қатынасын жақсартып қана қоймай, Синьцзянның жалпы даму құрылымына да елеулі әсер етпек.
Тянь-Шаньды жалғаған басты көлік артериясы
Аталған автомагистраль ұлттық G0711 Үрімші – Чарклык жоғары жылдамдықты жол желісінің маңызды бөлігі саналады. Жол Үрімші қаласының батыс айналма тасжолындағы Сишань оңтүстік жол айрығынан басталып, Лопнұр уезінде аяқталады. Жалпы ұзындығы — 324,7 шақырым. Құрылыс жұмыстары 2020 жылдың сәуірінде басталып, 5 жыл 8 ай ішінде аяқталды.
Синьцзян-Ұйғыр автономиялық ауданы Көлік департаменті құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Ли Яфэйдің айтуынша, бұл автомагистраль Үрімші агломерациясын, Солтүстік және Оңтүстік Синьцзян қалаларын өзара байланыстырып, Жоңғар және Тарым ойпаттары арасындағы жоғары жылдамдықты қатынасты қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, өңір ішіндегі көлік айналымын күшейтіп, солтүстік пен оңтүстікті еркін байланыстыратын жаңа даму үлгісін қалыптастыруға стратегиялық тірек болмақ.
Автомагистраль мемлекеттік маңызы бар жоба әрі «Көлік державасы» бастамасы аясындағы пилоттық нысан болып табылады. Ол G7 Бейжің – Үрімші, G30 Ляньюньган – Қорғас, G3012 Турфан – Хотан, G0612 Синин – Хотан сияқты ірі көлік дәліздерімен түйісіп, Жаңа Еуразиялық құрлық көпірін, Қытай – Орталық Азия – Батыс Азия экономикалық дәліздерін және Батыс құрлық-теңіз бағыттарын біртұтас жүйеге біріктіреді. Бұл Синьцзянның «шығысты батыспен жалғайтын» стратегиялық хаб ретіндегі рөлін күшейтіп, Еуразия кеңістігіндегі «алтын дәлізді» қалыптастыруға серпін береді.

Диқандар мен малшыларға арналған «береке жолы»
26 желтоқсанның таңында Үрімші уезінің Сардарбанд ауылында тұратын Қанат Нұрғазы өз үйінің алдында тұрып, дәл іргесінен өтетін жаңа автомагистральдың ашылуын тағатсыздана күтті.
Оның айтуынша, жаңа жол Тянь-Шаньның екі бетінде тұратын халықтың қатынасын жеңілдетіп қана қоймай, малшыларға маусымдық көш кезінде жоғары жылдамдықты жолды пайдалануға мүмкіндік береді. Бұл өңірде ауыл шаруашылығы мен мал өсіру — негізгі күнкөріс көзі, ал автомагистраль елді мекен мен жайылымдардың арасынан өтеді.
65 жастағы Қанат бұрын мал айдау бірнеше күнге созылатынын еске алады. Кейін G216 ұлттық тасжолын пайдалана бастағанымен, жауын-шашынды күндері көшкін мен тас құлау қаупі, ал қыста қар басу салдарынан жол жиі жабылатын. Қазір болса, үйден тікелей автомагистральға шығып, бір сағатқа жетпей жайлауға жетуге болады.
Ол сондай-ақ ұлының туған жеріне оралып, Үрімші мен Корла арасында жүк тасымалдайтын көлік компаниясын ашқанын айтты. Бұрын Турфан арқылы айналып өтуге бір күн кетсе, қазір жол үш сағаттан сәл ғана асады, тіпті бір күнде екі рейс жасауға мүмкіндік бар.
Сардарбанд ауылынан шыққан, 1995 жылы туған Чжан Сяосюй ауылдық қонақүй иесі атанған. Оның айтуынша, автомагистраль салынатыны белгілі болған соң, отбасымен ақылдасып, ауылға қайта оралып, кәсіп ашуға шешім қабылдаған. Қонақүй 2022 жылы ресми түрде жұмысын бастаған.
Ол жаңа жолдың ауылға тың тыныс әкелгенін айтады. Соңғы екі жылда жергілікті тұрғындар да қонақ үйлер мен демалыс орындарын аша бастаған. Бұрын жастар ауылдан кетуге ұмтылса, енді керісінше, туған жеріне оралып, іс бастайтындар көбейген. Оның сөзінше, бұл жол — жай ғана көлік қатынасы емес, ауылды сыртқы әлеммен жалғайтын даму желісі.

«Үш тау мен екі ойпат» аймағының жаңа серпіні
Синьцзян өңірі ежелден ортасынан Тянь-Шань таулары бөліп тұрған «үш тау жотасы мен екі ойпаттан» тұратын күрделі географиялық құрылымымен ерекшеленеді. Жаңа автомагистраль осы табиғи кедергіні еңсеріп, солтүстік пен оңтүстікті байланыстыратын тағы бір қолайлы көлік дәлізін қалыптастырды.
Соңғы жылдары өңірдің көлік саласы Тянь-Шаньды кесіп өтетін бірнеше ірі жол жобасын жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Мақсат — таулы өңірді бөгет емес, керісінше, еркін қатынас аймағына айналдыру.
Жуырда G577 Цзинхэ – Құлжа автожолының ең күрделі нысаны — Солтүстік Тянь-Шань арқылы өтетін ұзын тоннель толық қазылып бітті. «China Railway Urban Investment» компаниясының бас директоры Лю Фэйдің айтуынша, тоннель іске қосылғаннан кейін таудан өту уақыты небәрі 15 минутқа дейін қысқарады. Бұл Нылқы мен Цзинхэ уездері арасындағы көлік тосқауылын толық жояды.
Аталған жолдың ұзындығы шамамен 92,5 шақырым. Ол Іле аңғарын жалғайтын ең ыңғайлы бағыттардың бірі саналады. Қозғалыс 2026 жылы ашылады деп жоспарланған. Сол кезде Үрімші мен Құлжа арасындағы жол жүру уақыты 7 сағаттан 5 сағатқа дейін қысқарады.
Сонымен қатар, көпшіліктің назарын аударған Дуку жоғары жылдамдықты автомагистралі де биыл қыркүйекте салына бастады. Бұл — Тянь-Шаньды солтүстіктен оңтүстікке кесіп өтетін тағы бір маңызды жол. Құрылыс аяқталған соң, жыл бойы үздіксіз қозғалыс қамтамасыз етіліп, бұрын жарты жыл бойы жабық болатын Душаньцзы – Кучар бағытының мәселесі толық шешіледі. Нәтижесінде Карамайдың Душаньцзы ауданынан Ақсу аймағындағы Кучар қаласына дейінгі жол 5 сағатқа дейін қысқарады.
Тянь-Шаньды кесіп өтетін алғашқы жоғары жылдамдықты автомагистраль ретінде бұл жоба өңірдің солтүстігі мен оңтүстігі арасындағы қатынасты едәуір жандандырып, адам мен жүк қозғалысын жылдамдатады. Ал алдағы жылдары жаңа жолдар іске қосылған сайын, бұл бағыттағы экономикалық серпін күшейіп, Тянь-Шаньның екі бетінде өзара толықтыратын даму үлгісі қалыптаспақ.

