STEPPENEWS.KZ: Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен Hitachi High-Tech Europe GmbH компаниясы ғылым саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Келісім аясында ЕҰУ оқытушылары мен ғалымдары жапондық компанияның сарапшыларымен бірлесе отырып, Жапония мен Германиядағы зертханаларда құрылыс материалдарын талдау бойынша қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргізеді.
Меморандумға ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов пен Hitachi High-Tech Europe GmbH компаниясының президенті Кадзуёши Мацукадзе қол қойды. Құжатқа қол қою рәсімі 2025 жылы 20 желтоқсанда Токиода өткен «Central Asia + Japan» бизнес-форумы аясында өтті. Іс-шара Қазақстан Республикасы Президентінің Жапонияға мемлекеттік сапары шеңберінде ұйымдастырылды.
ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықовтың айтуынша, бұл келісім Қазақстан мен Жапония арасындағы стратегиялық әріптестіктің жоғары деңгейін көрсетеді әрі университеттің жаһандық ғылыми кеңістікке интеграциялануына жол ашады. Сондай-ақ ынтымақтастық отандық ғалымдарға әлемнің жетекші зертханалары мен заманауи технологиялармен жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
Айта кетейік, Hitachi High-Tech Europe GmbH — Hitachi Ltd. жаһандық тобына кіретін Hitachi High-Tech Corporation корпорациясының еуропалық еншілес кәсіпорны. Компания ғылыми аспаптар мен жүйелерді, электронды және өнеркәсіптік жабдықтарды қоса алғанда, жоғары технологиялы өнімдерді өндіру және өңдеумен айналысады.

