STEPPENEWS.KZ: Саяхат тек ауқатты адамдарға арналған деген түсінік бүгінде өз маңызын жоғалтты. Әсіресе Орталық Азия елдері — қолжетімді баға, визасыз режим, бай тарих пен ерекше табиғатты қатар ұсынатын өңір. Соңғы жылдары бұл аймаққа келетін туристер саны айтарлықтай артқан. Сарапшылардың айтуынша, 2024–2025 жылдары Орталық Азия елдеріне келген шетелдік туристердің жалпы саны 28 миллионнан асты. Жібек Жолы кеңістігіндегі тиімді, әрі арзан саяхат орындарына бірге шолу жасайық.
- Өзбекстан. Самарқанд, Бұхара және Хива қалалары ислам архитектурасының інжу-маржандары ретінде әлемге әйгілі. Бұл қалалардағы тарихи кешендер ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени мұралар тізіміне енгізілген. 2024–2025 жылдары Өзбекстанға келген шетелдік туристер саны 9,7 миллион адамға жетіп, рекордтық көрсеткіш тіркелді. Елге келушілердің басым бөлігі тарихи-танымдық туризмді таңдайды.
Көруге болатын негізгі нысандардың қатарында Самарқандтағы Регистан алаңы, Бұхарадағы Калян мұнарасы, Хивадағы Ичан-қала тарихи кешені бар. Сонымен қатар табиғатты сүйетіндер үшін Угам–Чатқал ұлттық паркі бар. Бұл аймақ биологиялық әртүрлілігімен ерекшеленіп, онда жүздеген өсімдік түрі мен жабайы жануарлар мекендейді.
Өзбекстанда туристердің назарын аударған ерекше орындардың бірі — Ташкенттегі «Magic City» демалыс аймағы. Классикалық тарихи бағыттардан сәулеттік айырмашылығы бар бұл кешен әсем безендірілген ғимараттар, музыкалық фонтандар мен көңіл көтеру зонасымен ерекшеленеді. Көптеген туристер бұл орынды «Диснейлендке ұқсайды» деп сипаттайды, өйткені мұнда қалаған кадрды түсіріп, ерекше атмосфераны сезіну үшін барлық жағдай жасалған. Кіру тегін, алайда ойын-аттракциондар мен қосымша қызметтер үшін төлем алынады.
- Қырғызстан. Табиғи ландшафттары жақсы сақталған, экотуризмге қолайлы ел. Таулар, альпілік шалғындар мен көлдер бұл белсенді демалысты қалайтын туристер үшін. Өткен жылы 8,8 миллионнан астам турист келген. 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында бұл көрсеткіш 5 миллионға жуықтады. Туристердің көп бөлігі Қазақстан, Өзбекстан және Ресейден келеді.
Ең танымал бағыттардың бірі — Ыстықкөл аймағы. Сонымен қатар Ала-Арча ұлттық паркі альпинизм, жаяу серуендеу және табиғатты бақылау үшін жақсы нұсқа. Сарычат–Ээрташ қорығы мен Саркент табиғи аймақтарында Қызыл кітапқа енген қар барысы, арқар, алтын бүркіт сияқты сирек жануарлар кездеседі. Бұл Қырғызстанды экологиялық туризм тұрғысынан ерекше елдердің қатарына қосады.
- Қазақстан. Арзан әрі сапалы саяхат жасауға мүмкіндік беретін ішкі туристік бағыттар жеткілікті. Мәселен, көне дәуірдің көзі саналатын Түркістан қаласы. Ол қазақ елінің рухани және тарихи орталығы. Бұл қаланың тарихтың діңгегі болып есептелуіне бірнеше себеп бар. Мысалы, халық жадында рухани көшбасшы, ақылгөй, ел бірлігін сақтаушы, сопы-әулиелерге арналып кесенелер бой көтерген. Бұл бір ұлттың ғана емес, барша түркі халықтарына ортақ тарих.
Алматы маңындағы Көлсай мен Қайыңды көлдері, Шарын шатқалы жыл сайын мыңдаған туристі тартады. Бұл өңірлер табиғи сұлулығымен ғана емес, экологиялық маңызымен де ерекшеленеді. Көлсай көлдері үш көлден тұрады — Үлкен, Орта және Кіші Көлсай, биік таулар мен аңғарлар арасында орналасып, альпілік орман мен шалғындармен қоршалған. Флорасы мен фаунасы әртүрлі, мұнда қайың, жөке, қарағай сияқты ағаштар өседі. Ал, жабайы жануарлар қатарында аргалий, қасқыр, түлкі, сондай-ақ кейбірі Қызыл кітапқа енген құстар кездеседі. Қайыңды көлі шағын болса да табиғаты ерекше тыныш, эндемикалық өсімдіктер мен жануарларды бақылауға мүмкіндік береді.
- Тәжікстан. 2025 жылдың алғашқы айларында Тәжікстанға шамамен 760 мың турист келген. Бұл жер экстремалды және шытырман туризмді ұнататын саяхатшылар үшін қолайлы бағыт. Себебі, бұл аймақ Памир тауы мен биік асулары, кейде қиын жолдарымен ерекшеленеді. Сондықтан серуендеу, альпинизм, трекинг сияқты белсенді іс-шараларды жүргізуге мүмкіндік береді. Көп жерлерге автомобильмен жету қиын, кейде тек жаяу немесе арнайы көлік арқылы ғана өтуге болады. Сол үшін бұл елге көбісі демалуға емес, шытырман оқиға мен табиғат үшін барады.
Памир өңірінде эндемикалық өсімдіктер мен жануарлар түрлері көптеп кездеседі. Бұл аймақ экожүйенің сақталуы тұрғысынан халықаралық деңгейде маңызды саналады. Сонымен қатар жергілікті тұрғындардың дәстүрлі өмір салты туристер үшін ерекше қызығушылық тудырады.

