Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда облысындағы сапарын «Қорқыт ата» халықаралық әуежайының жаңа терминалын аралаудан бастады.
Ақорда мәлімдеуінше, президент әуежайдың қызмет көрсету үдерісі, ішкі және халықаралық әуе рейстеріне қызмет көрсету туралы ақпаратпен танысты. Тоқаев жолаушыларды тіркеу және тексеру аймақтарын, шекаралық-кедендік бақылау пункттерін, күту залын, сондай-ақ автоматтандырылған жүк беру жүйесін көрді.
Айта кету керек, жаңа терминал өткен жылдың қараша айында ашылған. Жобаға 16,6 миллиард теңге көлемінде жеке инвестиция салынды.
Жергілікті бюджет инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жасау үшін 4,3 миллиард теңге бөлген. Бұл әуежай енді жылына 300 мыңнан 500 мың жолаушы қабылдай алады.
«Қорқыт ата» әуежайынан Air Astana, FlyArystan және Qazaq Air әуе компаниялары аптасына 29 рейс ұйымдастырмақ. Қазіргі уақытта терминал жанында «Қазаэронавигация» РМК жаңа диспетчерлік мұнара мен әкімшілік-техникалық ғимарат салынып жатыр.

